Қант диабетінің дамуын қалай тоқтатуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Қазақстандағы эндокринолог, кардиолог және отбасылық медицина салалары бойынша жетекші мамандардың қатысуымен «Диабет алды – сіздің диабетті алдын алу мүмкіндігіңіз» атты баспасөз мәслихаты өтті. 

Іс-шара барысында қатысушылар диабетті анықтауға байланысты бағдарламаларды енгізудің халықаралық тәжірибелерімен және 2-типті қант диабетінің алдын алу шараларына байланысты пікірлерімен бөлісті. 

Талқылау барысында спикерлер диабеталды мәселесіне қатысты прогресске тек түрлі саладағы дәрігерлердің (жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, отбасылық дәрігерлер, участкілік терапевтер, педиатрлар және эндокринолог, кардиолог, невропотолог, реабилитолог) бірлесіп атқарған жұмыстары арқылы ғана қол жеткізуге болады деген қорытындыға келді.

Диабеталды – 2-типті қант диабетінің алдында болатын жағдай, яғни қан құрамындағы қант (немесе глюкоза) көлемі қалыпты жағдайдан асқан, бірақ әлі де «2-типті қант диабеті» деген диагноз қоятындай дәрежеге жетпеген шақты айтады. Бұл кезде адам ағзасында қандай да ауытқулар бар екенін түсінбейді. 

Сондықтан 2-типті қант диабетіне өтіп кетпеуі үшін дәл осы шақта алдын алу шараларын қолданған жөн. Әлемде жыл сайын қант диабетінен 5 миллионға жуық адам қайтыс болады, бұл жүрек-тамыр және онкологиялық аурулардан кейінгі үшінші орындағы көрсеткіш. 2-типті қант диабеті соқырлық, бүйрек аурулары, инфаркт, инсульт, мүшелердің ампутациясына алып келеді. Алайда диабеталды кезеңінде адамдарда:

Жүрек-тамыр ауруларының дамуы 90%-ға;

Инсульт 2 есеге; 

Ретинопатияның дамуы 2 есеге өсу қауіпі туындайды. 

Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың себепкері болған COVID-19 қант диабетімен ауыратын адамдар үшін аса қауіпті екендігі анықталған. Бұл жағдайда инфекцияланған адам ауруы ауыр түрде өтеді және өлім көрсеткіші салыстырмалы түрде үлкен болады. Сонымен қоса коронавирус диабеталдын екінші типтегі диебітке өтуін жылдамдатады. 

Диабеталды кезеңінде ерте жасалған диагностика және алдын алу шаралары диабет аруымен күресудегі сәттілік кепілі. Терапевтке диабеталды және қант диабетінің даму қаупі бар-жоғын түсінуге мүмкіндік беретін, науқастарға арналған арнайы сауалнама бар. Аурудың ықтималдылығы жоғары болған жағдайда терапевт науқасты арнайы тексеруге жібере алады. Бұл қандағы глюкозаның деңгейін анықтауға және диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Халықаралық диабет федерациясының (IDF) мәліметтері бойынша 2 типті қант диабетінің жиілігі мен таралуы бүкіл әлемде артып келеді. Мәселен, 2017 жылы 2 типті қант диабеті диагнозы қойылған 352,1 миллион науқас болды, 2045 жылға қарай бұл сан 589 миллион науқасқа жетеді. Диабет болар бұрын диабеталды болады. IDF мәлімдемесі бойынша 10 жылдан кейін диабеталды бар 50% науқас 2-типті қант диабетімен аура бастайды. АҚШ-да 86 млн ересектерде диабеталды бар, оның 90%-ы бұл ақпараттан хабарсыз. Қазақстанда қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына кіреді. 2011 жылдан бастап республикада қант диабетін ерте анықтау бойынша Ұлттық скринингтік бағдарлама жұмыс істейді. Жыл сайын 40 жастан асқан 1,5 миллионнан астам адам скринингтік тексеруден өтеді. Алайда бұл да жеткіліксіз. Отандық ғалымдардың мәліметтері бойынша (NOMAD зерттеуі, 2017), Қазақстанда ересектердің 38% -ы (20-79 жас) диабеталдымен, ал 8,2% -ы қант диабетімен ауырады, халықтың тек 1,8% -ы «2-типті диабет» диагнозымен тіркелген, - делінген хабарламада. 
Диабеталды 2-типті қант диабетінің клиникалық көрінісі басталғанға дейін 9-12 жыл бұрын дами бастайды. Яғни, науқас пен дәрігерде диабеталды нақты қант диабетіне өтуіне жол бермеу шаралары үшін бірнеше жыл уақыттары бар. Диабеталды сатысында аурудың дамуына әсер етудің тиімді әдістері бар: ең алдымен салмақ жоғалту, темекі шегуден бас тарту, тәттілерді, ұннан жасалған тағамдарды шектеу, тұрақты физикалық белсенділік. Сонымен қатар бүгінде қауіпсіз әрі тиімді дәрілер пайда бола бастады. DPP (АҚШ-тағы 2-типті қант диабетін алдын алу бағдарламасы) және DPPOS (2-типті қант диабетін алдын алу бағдарламасының кеңейтілген фазасы) клиникалық зерттеулерінің деректері ұзақ әсер ететін метформиннің 2-типті диабетті алдын алуда тиімді екендігін көрсетеді.

Осылайша, 2-типті қант диабетін алдын алуға болады, сәйкесінше мүгедектік пен осы ауыр аурудан туындайтын өлімдерді де тоқтату мүмкін.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы