«Аңсаған сәби»: Павлодар облысына 290 квота бөлінді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінетін квота жеті есеге артты.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, биыл 290 квота қарастырылған. Өткен жылы небары 49 квота бөлінген. Бұл - облыс үшін тым аз көрсеткіш.

Бағдарламаға қатысқысы келетін ерлі-зайыптылар репродуктивті денсаулық орталығына келіп, тексерілуі керек. Мамандардың айтуынша, квота алу құқығына 18 және 42 жас аралығындағы азаматтар ие.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ана және бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлнәр Жармакинаның айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру квотасын алмас бұрын ерлі-зайыпты денсаулығын тексертуі керек.

Яғни, ұрықтандырылуға дайын болуы керек. Адам ағзасында ешқандай ауытқулар, аурулар болмауы тиіс. Қазіргі уақытта ЭКО-ның тиімділігі 30%-дан асқан. Бұған дейін 43%-дан асқан көрсеткіштер тіркелген. Ерлі-зайыптылардың жасы маңызды факторлардың бірі. Квотаға 42 жасқа дейінгі азаматтар ғана қатыса алады, - дейді Гүлнәр Жармакина.

Саладағы жаңашылдық - осы жылдан бастап ЭКО алуға заңды некеде тұрмаған отбасылар да кезекке тұра алады. Десе де болашақ ата-аналар сәбиге жауапты болатыны туралы кепілхатқа қол қоюлары тиіс.

Айта кетейік, соңғы бес жылда репродуктивті денсаулық орталығына бір жарым мың бедеу отбасы көмек сұрап келген. Нәтижесінде ЭКО-ның көмегімен ем-қабылдап, бала сүю мүмкіндігіне ие болған.

Мамандардың айтуынша, бедеулік тек әйелдерде ғана емес, ерлерде де белең алуда. Сондықтан ерлі-зайыптылардың қатар емделгендері дұрыс. Квота алу үшін медициналық сақтандыру мен Қазақстан азаматтығы болуы шарт. Биыл ресми некеде тұру қажет етілмейді. Бірақ болашақ ата-аналар баланы өз жауапкершілігіне алып, тәрбиелейтіні жөнінде кепілхат беруі керек. 

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Павлодардағы репродуктивті денсаулық орталығының көмегіне бір жарым мың отбасы жүгінген. Нәтижесінде 200 отбасы қуанышқа кенелген.   


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы