"Аңсаған сәби": Мемлекет бедеуліктен үміт сыйлайды
Бала сүю – табиғи бақыт. Бірақ бұл қуанышқа бәрі бірдей оңайлықпен жете алмайды. Кейбір отбасылар үшін аналық сезімге қол жеткізу жылдар бойы армандаумен, медициналық емделумен, үміт пен үмітсіздік арпалысымен өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет осы нәзік мұқтаждықты ескеріп, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында мыңдаған жұп бала сүйіп, елімізде 9 мыңнан астам нәресте дүние есігін ашты. Бұл – тек статистика емес. Бұл – сағыныштан туған шын қуаныштың сандары.
Бала сүю – арман емес, мүмкіндік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында елдегі отбасылық-демографиялық жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, бедеулікке қарсы күресуді басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Осылайша, 2021 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) үшін жыл сайын 7000 квота бөлінуі басталды.
Бағдарламаның негізгі тетіктері қандай?
Материалды жазу барысында ресми деректерге қол жеткізу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне редакция атынан арнайы сауал жолдадық.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бағдарламаны сапалы іске асыру үшін бірнеше нақты ұйымдастыру шарасы қолға алынған:
Республикалық сараптамалық топ құрылды – құрамында еліміздің жетекші акушер-гинекологтары, репродуктологтар және денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастырушылар бар;
ЭКҰ өткізуге қатысты нормативтік-құқықтық базалар жаңартылды – медициналық көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштер нақтыланды;
Елдегі бедеулікпен тіркелген ерлі-зайыптылар тізімі өзектендірілді;
Әр өңірдің фертильді жастағы әйелдер санына қарай 7000 квота бөлінді;
МӘМС аясында қызмет көрсететін 18 клиника анықталды (оның ішінде 3-еуі – мемлекеттік, 15-і – жекеменшік).
ЭКҰ деген не?
Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) – табиғи жолмен бала көтере алмайтын жұптар үшін қосалқы репродуктивтік технологиялардың ең тиімді түрі. Бұл әдіс кезінде аналық жасуша мен аталық ұрық ағза сыртында ұрықтандырылып, эмбрион ана жатырына көшіріледі.
ЭКҰ процедурасы жоғары технологияны, маманданған мамандар мен бірнеше медициналық кезеңді қажет етеді. Бұл тек медициналық емес, психологиялық дайындықты да талап ететін күрделі процесс.
Нәтижесі қандай?
ҚР ДСМ мәліметінше:
2021–2024 жылдары аралығында 28 000 әйелге ЭКҰ жасалды;
10 мыңға жуық жүкті әйел есепке алынды;
9 000 бала дүниеге келді.
Ал 2023 жылдың өзінде:
7000 квота бөлінді,
1307 отбасында 1560 сәби өмірге келді.
Бұл – жай ғана көрсеткіш емес. Бұл – үмітпен өмір сүрген отбасылардың көз жасы, ақ тілегі, арман мен алғыс араласқан сәті. Бұл – «Аңсаған сәби» атты бағдарлама арқылы мемлекет шын бақытқа себепші бола алатынының дәлелі.
Пациенттерді ЭКҰ жүргізуге жіберу көмекші репродуктивті технологияларды пайдалану үшін шектеулер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, ЭКҰ рәсімін жүргізу үшін пациенттерді іріктеу жөніндегі өңірлік комиссия қалыптастыратын күту парағына сәйкес жүзеге асырылады. Министрлік бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және түпкілікті нәтижені жақсарту үшін МӘМС жүйесінде ҚРТ жүзеге асыратын медициналық ұйымдар жұмысының тиімділігіне тоқсан сайын талдау жүргізеді, - деп жауап берді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова редакцияның ресми сауалына.
Жүктілікке қалай дайындалған дұрыс?
Көпшілік ойлайтындай, бала көтеру – бір сәттік шешім емес. Дәрігерлер жүктілікке кем дегенде 3–6 ай бұрын дайындалуды ұсынады. Мұндай дайындық бірнеше бағытты қамтиды:
1. Денсаулықты толық тексеру:
Қан талдауы: гемоглобин, қант, гормондар деңгейі;
Ультрадыбыстық зерттеу: жатыр мен аналық бездердің жағдайын білу;
Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексерілу.
2. Ерлі-зайыптылардың бірігіп дайындалуы:
Ер адам да репродуктивті денсаулығын тексертуі тиіс;
Спермограмма, урологиялық кеңес, өмір салтын оңалту.
3. Психологиялық тұрақтылық:
Жүктілік кезінде әйелдің эмоциялық фоны өте маңызды;
Дұрыс ұйқы, күйзелістен арылу, серуендеу мен дене белсенділігі – сәтті жүктіліктің кепілі.
4. Жағымды орта қалыптастыру:
Ата-ана болу – жауапкершілік. Сондықтан бір-бірін қолдай алатын, жылы қарым-қатынас орнаған отбасы – болашақ сәбиге де қауіпсіз мекен болады.
Қазақстандағы ЭКҰ орталықтары
Бүгінде елімізде 29 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді. Оның 18-і МӘМС жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз – қымбат процедураны мемлекет есебінен алу мүмкіндігі. Қалғаны – жеке клиникалар.
Бағдарлама қашанға дейін жалғасады?
«Аңсаған сәби» бағдарламасы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, бағдарлама нәтижелі әрі сұраныс жоғары. Сондықтан оның жалғасуы қоғам сұранысына байланысты болуы мүмкін.
Бала – болашақтың нұры
Бедеулік – тек медициналық диагноз емес, бұл – тағдырдың салмағы. Ал сол салмақты жеңілдету – мемлекеттің парызы. «Аңсаған сәби» – бүгінгі күні бала сүюді армандаған талай жұпқа жол ашты.
Кейде бір күлкі, бір уіл – бүтін бір отбасына жылулық сыйлайды. Ал сол жылы сөз бен балапан үннің артында күрделі медициналық, әлеуметтік және адами жүйе жатыр. Қазақстан сол жүйені жолға қойды.