«Аңсаған сәби». Астаналықтарға ЭКҰ-ға биыл 1 773,8 млрд теңге бөлінген
Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жататыны белгілі.
Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. 2021 жылдан бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Емшара МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін өте алады, - деп атап өтті елордалық филиалдың басшысы.
Сонымен қатар ол биыл қанша астаналыққа сәбилі болуға квота бөлінгенін айтты.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша биыл Астана қаласына ЭКҰ-ға 514 квота бөлінді. Өңірдің 2 медициналық ұйымына жоғары технологиялық медициналық көмек лотында ЭКҰ-ға 1 773,8 млрд теңге жоспарланған, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.