Анонимді аккаунттарға талап күшейеді: Министр депутаттар ұсынысын қолдады
Қазақстанда онлайн-платформаларда 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық аккаунтты тіркеу талабы қайта қаралуы мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жеке басы расталған пайдаланушыларды қайта тіркеуден босату туралы депутаттардың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл мәселе Құрылтай отырысында көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай депутаты Айдос Сарым заң жобасында 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформалардағы ашық қауымдастықтардың пайдаланушылары мен модераторларын тіркеу тетігі қарастырылғанын айтты. Алайда оның пікірінше, бұл талапты барлық парақшаға бірдей қолдану міндетті емес.
Депутат жалған ақпарат пен кибербуллинг көбіне иелерін анықтау қиын анонимді ірі арналарда таралатынын атап өтті. Ал жеке басы платформаның өзінде расталған қоғам қайраткерлері, журналистер, мемлекеттік органдар, компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ресми парақшаларын қайта тіркеудің қажеттілігіне күмән келтірді.
Егер автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса немесе парақша мемлекеттік органға, компанияға не БАҚ-қа ресми тиесілі болса, оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма? Сондықтан депутаттар тізімге тек анонимді пайдаланушыларды енгізуді ұсынып отыр. Министрлік жеке басы расталған пайдаланушыларды қайта тіркеуден босату жөніндегі ұсынысты қолдай ма? – деп сұрады Айдос Сарым.
Министр депутаттар ұсынысын қолдады
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев депутаттардың ұсынысын қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе бұған дейін де алдын ала талқыланған.
Шынында да, 5 мың жазылушысы бола ма, одан көп бола ма, егер аккаунттың иесі кім екені белгілі болса, мемлекеттік органдарға да, сіздерге де оны тіркеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Бұл жердегі негізгі мәселе – 5 мыңнан астам жазылушысы бар аноним аккаунттарда болып тұр, – деді министр.
Арман Қырықбаевтың мәліметінше, былтыр заң жобасын әзірлеу барысында 120 мыңнан астам заңға қайшы контент анықталған. Оларды талдау нәтижесінде мұндай материалдардың 20 пайыздан астамы 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттарға тиесілі болған.
Қалғандары 5 мыңнан аз немесе ар жағында кім тұрғаны белгілі, еліміздің түрлі азаматтары болып шықты. Бүгінгі таңда мемлекет үшін басты мәселе – осы анонимді аккаунттар. Сондықтан ұсынысыңызды қолдаймыз, – деді Арман Қырықбаев.