Анни Эрно – әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 2022 жылғы иегері
Стокгольмдегі Нобель сыйлығын тапсыру жөніндегі комитет өкілдері 2022 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегерін атады. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 2022 жылғы иегері – француз жазушысы Анни Эрно, деп хабарлайды BAQ.KZ euronews жазған ақпаратқа сілтеме жасап.
Эрно өз шығармаларында гендерлік, тіл және таптық тұрғыдан күшті теңсіздіктерге толы өмірді дәйекті және әртүрлі қырынан қарастырады. Оның авторлық жолы ұзақ және қиын болды, - деп жазылды Нобель комитетінің ресми сайтында.
Жазушының шығармалары негізінен өмірбаяндық формада жазылған.
Анни Эрно 1940 жылы 1 қыркүйекте Нормандияның Лиллебонн қаласында дүниеге келген. Оның алғашқы романы «Бос шкафтар» 1974 жылы жарық көрді. Жазушының басқа да атақты шығармаларының қатарында – «Сыртқы өмір», «Қарапайым құштарлық», «Өмірдегі орын», «Жылдар».
Эрно Серджи-Понтуа университетінің құрметті докторы және бірнеше әдеби сыйлықтарды, соның ішінде Ренодо және Маргерит Дюрас сыйлықтарын жеңіп алды.
Айта кетейік, әдебиет бойынша 2021 жылғы Нобель сыйлығы танзаниялық Абдулразак Гурнаға берілді.