Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты
Спортшы WTA рейтингінде жетінші орында тұр.
Қазақстандық теннисші Анна Данилина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан беделді WTA 1000 санатындағы Indian Wells Open турнирінде жұптық сында 1/8 финал кезеңінен сәтті өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Данилина бұл турнирде сербиялық теннисші Александра Круничпен жұп құрып өнер көрсетіп жүр. Ширек финалға шығу жолындағы кездесуде олардың жұбы украиналық-америкалық тандем — Людмила Киченок пен Дезире Кравчикті сенімді түрде жеңді. Матч екі сетте аяқталды — 6:4, 6:1.
Айта кетейік, Данилина жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы саналады және WTA рейтингінде жетінші орында тұр. Ал Крунич осы тізімде сегізінші позицияда орналасқан.
Индиан-Уэллс (АҚШ). WTA 1000. Жұптық разряд, хард. 1/8 финал
Данилина / Крунич — Киченок / Кравчик — 6:4, 6:1
Ал осы жарыста ATP-1000 санатындағы ерлер арасындағы жұптық турнирде қазақстандық Александр Бублик сәтсіз өнер көрсетті. Ол венгриялық теннисші Фабиан Марожанмен жұпта ойнаған, алайда олардың дуэті жарысты бірінші айналымда аяқтады.
Қазақстан-венгрия жұбы француздық Садьо Думбия мен Фабьен Ребульден 2:6, 2:6 есебімен жеңілді.