Анкарада Түркі академиясында жарық көрген бірқатар кітаптың таныстырылымы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Анкара қаласында Халықаралық Түркі академиясы Түрік тілі коғамының қолдауымен бірқатар ғылыми кітаптың таныстырымын өткізді. Тағылымды шара Юнус Эмре мен Түрік тілі жылы, сонымен қатар Түрік тілі коғамының құрылғанының 90 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түрік тілі қоғамының төрағасы Гүрер Гүлсевин, Түркия Президенті әкімшілігінің экс-басшысы Мұстафа Исен, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Ыстамбұл университетінің доценті Емек Ушенмез, сондай-ақ бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері мен тәлімгерлер қатысты.
Жиын барысында Халықаралық Түркі академиясын басып шығарған Юнус Эмре жырларының түрікше-қазақша жинағы, «Түркі әлемі» атласының түрік тіліндегі нұсқасы және көне түркі тіліне тіліндегі Құран кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиында сөз сөйлеген Академия басшысы Д.Қыдырәлі негізін Мұстафа Кемал Ататүрік қалаған Түрік тілі қоғамының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұйымның мол тәжірибесінің маңыздылығына тоқталды.
Түрік тілі қоғамының төрағасы Г. Гүлсевин түркі интеграциясы ұйымдарының қызметтеріне тоқталып, Академия атқарып жатқан іс-шаралардың өзектілігін атап өтті.
Өз кезегінде Түркия Президенті әкімшілігінің экс-басшысы Мұстафа Исен Түркі академиясына басып шығарған іргелі ғылыми еңбектері үшін алғысын білдірді.
Жиын соңында түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар Түркі академиясының арнайы медальдарымен марапатталды.