Анкарада Абай даңғылы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Анкара қаласының Гёльбашы ауданының муниципалитетімен бірлесіп, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге орай арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара аясында Абай атындағы даңғылдың, ұлы ақын мен ойшылдың өмірі туралы ескерткіштің және көрменің ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде Ұлы даланың әл-Фараби және Абай сияқты көрнекті тұлғаларының Анадолыда мойындалуы Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани көпірді нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз екенін атап өтті. Олар әртүрлі тарихи кезеңдердің өкілдері болғанына қарамастан, олардың шығармаларының арасында үлкен ұқсастық бар.

Іс-шара барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Еуразиялық жазушылар одағының бірлескен күшімен түрік тіліне аударылған белгілі қазақстандық ғалым Ақжан әл-Машанидің «Абай мен Фараби» және жазушы, мемлекеттік қайраткер Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітаптары ұсынылды.

Гёльбашы ауданының мэрі Рамазан Шимшек Абайдың 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу муниципалитет үшін, сондай-ақ бүкіл ел үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. Бұл даңғыл мен ескерткіш екі елдің бауырластығының символы екендігі баса айтылды.

Еуразиялық жазушылар одағының президенті Якуб Өмероғлу ұсынылған екі кітаптың жоғары құндылығына назар аудара отырып, олардың түрік тіліне аудармасы екі елдің мәдениет саласындағы жемісті ынтымақтастығының көрнекі үлгісі болып табылатынын атап өтті.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ұлы тұлғалардың мерейтойларын бірлесіп атап өту игі дәстүрге айналғанын, соның арқасында халықтар арасындағы бірлік пен бауырластық байланыстары нығая түсетінін айтты.

Іс-шара барысында танымал музыкант Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» және жас қазақстандық әртіс Ғайнолланың «Көроғлы» әндері ерекше әсер қалдырды.

Елші А. Сапарбекұлы Гёльбашы муниципалитетіне, Қазақстанның Невшехир қаласындағы Құрметті консулы Халил Улуерге және ТҮРКСОЙ-ға ескерткіш орнатуға көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді. Айта кету керек, бұл ескерткішті жасаған мүсінші Мұрат Мансұров Түркиядағы ең ірі Көроғлы ескерткіштерінің авторларының бірі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы