Ғани Назарбек: 10-15 жылда қызғалдақтар мұнаймен бірдей пайда алып келеді
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан өңірінде көне түркілердің мәдениеті, өткені мен бүгіні біте қайнасып жатыр. Мұнда тарихты қазбалап, сырсуыртпақтаған сайын өзінің талай құпиясын ашып келе жатқаны жасырын емес.
Аймақтың әлеуетін туризм арқылы көтеріп қана қоймай, тарихымызды да, мәдениетімізді де көркейтуге болады және оның қаншама жолы бар. Оны бүгінгі кейіпкеріміз, Түркістан облысы Сырдария – Түркістан МӨТП туризм бөлімі меңгерушісі Ғани Назарбекпен сұхбат барысында қанық болдық.
– Ғани, сені жерлестерің ғана емес әлеуметтік желідегі жұртшылық та "қызғалдақтың жанашыры" ретінде жақсы біледі. Түркістан облысы өз қызғалдағын қорғауды, насихаттауда қашаннан бері қолға алды? Ол қаншалықты өз деңгейінде орындалып жатыр деп ойлайсың? Есіңде болса, "Қызғалдақ" фестивалі де өте бастады. Бұл дегенің тып-тыныш жатқан табиғат аясын таптау емес пе?
– Иә, дұрыс айтасың, "Қызғалдақ" фестивалінің өтуінің өзі қателік. Фестиваль той сияқты, яғни жайлаудағы қырман той сияқты болып кеткен. Бұл дұрыс емес. Ол жерде сол қызғалдақтардың үстінен таптап, тек көкпар шаптыру ғана қалып тұр еді. Жалпы, негізгі идеясы дұрыс, бірақ жүйесін мүлдем басқаша бағытқа бұру керек. Ол жерде бірде бір қызғалдақ фестиваль барысында жұлынбауы, тапталмауы тиіс. Қызғалдақты көздің қарашығындай қорғамасақ болмайды. Басқа ешбір мемлекетте табиғи қызғалдақтың 25-тен аса түрі кездеспейді. Қызғалдақтың түп атасы бізде деп есептеледі. Қызғалдақ Түркістан облысында наурыз айынан бастап гүлдесе, солтүстік облыстарда мамыр айының ортасына дейін созылады. Далаға қызыл кілем төсеп тастағандай әсер қалдыратын қызғалдақ маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келіп көруге болады. Жапонның сакурасы біздің қызғалдақтардың қасында қалып қояды. Қызғалдақты қорғау, насихаттау енді басталды. Әлі өз деңгейінде емес, өйткені көптеген кедергі бар. Бұл жерде мәселе адамдардың түсінбеушілігінде. Біздің мемлекеттік органдардан, әсіресе идеология саласынан баса назар аудару жоқ, тек қызғалдақ емес жалпы табиғат қорғау саласына немқұрайлы қарайды. Бірлі-жарым мекемелер ғана өз күштерімен істеп жатыр. Халық та қызғалдақты ұлттық байлық деп қарастырмай отыр.
– Туризмді мұнай мен көліктен кейін қыруар пайда әкелетін табыс көзі екенін бәрі жақсы біледі. Өзің де, бірде әлеуметтік желідегі парақшаңа "Енді 10-15 жылда қызғалдақтар мұнаймен бірдей пайда алып келеді" деп жаздың. Бұл сөзіңе қандай дәйек, мысалдар келтіре алар едің?
– Туризм қазір шынымен де әлемде үшінші табыс көзі. Бірақ, біз Қазақстан оны әлі пайдалана алмай отырмыз. Ең бастысы табиғи ресурстар мен алуан түрлі адам қызығатын табиғат аясы, көптеген жер адамдардың араласуынсыз әлі жарамсыз күйінде тұр. Ал туристерден бөлек, қызғалдақты белгілі бір жерде қолдан немесе табиғи күйінде өсіріп, ұрықтарын сатсақ, мұнайдан кем пайда түспейді. Неге десеңіз, XVII ғасырда алғашқы қызғалдақтың ұрықтары әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие тауардың бірі болған. Керуен жолдарында сатылған. 19 ғасырдың аяғында патша үкіметінің сол кездегі әскери қызметкерлері біздің қазақ даласынан миллиондаған түп қызғалдақтың ұрығын қазып алып, Голландияға саудалаған. Жалпы қызғалдақтарды ешкімге бермей, ұрығын шығармай өзіміз мәдени түрін өсірсек болады. Қазір Голландияда шығып жатқан қызғалдақтардың тұқымын табиғи қызғалдақтармен жиі будандастырып тұрмаса, олар ауру болып, дұрыс шықпай қалады. Олар 50-100 жылда көптеген жабайы қызғалдақтардың ұрығын алып кетіп, түр-түрін шығарып, дамытып отыр. Ал соны біз ешкімге бермей шикізат ретінде өзіміз шығаратын болсақ, Голландия сияқты бүкіл әлемге қызғалдақ экспорттай алар едік.
– Жалпы, Түркістан облысының туризм саласындағы потенциалын айтып берші? Қандай тұсына мән беріп, қай тұсын дамыта түсу керек?
– Біздің облыстың туризмге потенциалы республикада өте жоғары, теңдессіз, бірінші орында тұр. Керек десеңіз, әлемдегі қазіргі туризмді мықты дамытып отырған елдерде біздің облыстағыдай потенциал жоқ. Ол бірінші Жібек жолы бойындағы қалалар. Рухани туризмге қатысты Арыстан баб, Ысқақ баб, Яссауи кесенесі, одан кейін қалалар:Түркістан, Отырар, Сауран, Созақ қаласы. Жалпы Сыр бойы өзенінің қалалары тарихи туризм жағынан қолға алса гүлдене түспек. Кейінгі кезекте табиғат аясындағы туризм, ол Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық паркі, Қаратау қорығы бар. Бұлар ерекше қорғалатын аумақтар. Олардан бөлек, бізде облыста табиғи туристік кешендер бар, мысалы, Ақмешіт үңгірі. Бұлар да өте үлкен туристердің сұранысында. Сондай-ақ, тарихи, табиғи туризмнен бөлек, бізде медициналық туризм дамыған. Ол Сарығаш курорттық зонасы, Арыс, Манкент шипажайлары. Аталған шипажайлар соңғы уақытта қатты дамып келеді. Бірақ бір-бірімен байланыс жоқ, туристерді тартуда әлсіздік бар. Егер біз облысымызда осы айтылған тарихи, табиғи, медициналық туризмді, басқа да туризмді бір жүйеге келтіре алсақ, өздігінен қатты дамиды. Ол үшін инфрақұрылым мәселесі жоқ деп айтуға болады. Табиғат баурайындағы жерлерде жол, адамдардың тынығатын жерлері, қауіпсіздік тіптен жоқ. Қызмет көрсету өте нашар, тіпті мүлдем қарастырылмаған. Әсіресе Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін қатты білінді. Түркістан қаласы енді құрылып, даму үстінде, оған әлі бес-алты жыл уақыт керек. Туристік нысандар орналасқан аудандарда сервис жоқ, яғни қонақ үй, тамақ ішетін орын таба алмай қиналасың. Әсіресе туристер көп баратын, киелі орындары көп Шәуілдір, Созақта мүлде жоқ.
– Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі, бұдан бөлек Арыстанбаб, Сайрамдағы Айша бибі, Сауран, Отырар т.б мақтаныштарымыз барша қазаққа ортақ. Тарихын тереңінен білгісі келсе интернеттен ізденіп, неше түрлі ақпаратқа қаныға алады. Менің сұрағым, осы Түркістанның туризмге қосатын үлесі сол көрнекі орындардан кем түспейтін, бірақ мәліметі аз орындар бар ма?
– Иә, интернетте ақпарат өте көп және шатасатын теріс ақпараттар да жетерлік. Әркім әртүрлі айтады. Оның бәрін қабылдай беруге болмайды. Осы мәселеде бірізділік пен оны реттейтін мекеме болу керек. Ал мәліметі аз, насихаты қалып бара жатқан Созақ өңірі деп айтар едім. Себебі, мұнда тарихи, мәдени болсын өзге облыстардың бағына бұйырмаған туристік нысандар бар. Атап айтқанда, Ысқақ баб, Баба түкті шашты Әзиз, Қара бура сынды әулие-әмбиелер зиярат туризмін дамыта түседі. Оның үстіне, Созақ қаласының орны, қазақтың тұңғыш астанасы. Қазақ даласына алғашқы діннің келуімен байланысты орындар бар. Бетпақдаладағы таңбалы тастар, қазақ хандығының туы тігілген жер, бүкіл қазақтың таңба таратып, жер үлестіріп, көші-қон шаруашылығын реттеген орын. Созақтағы табиғи орындарға жататын Қаратаудағы Келіншектаудың хикаясы өз алдына бір жыр. Бес мыңнан аса қола дәуіріндегі тасқа салынған таңбаларды бір күннің ішінде аралап тауыса алмайсың. Ол тастар Келіншектаудан алыс емес етегінде орналасқан. Қызылкөл бар, оның тұздылығы мен құрамы жағынан мұхиттың суымен бірдей. Бір ғана Созақ ауданында осы айтылған нысандармен туризмді төңкеріп тастауға болады.
– Туризмнің төрт бағыты бар, емдік-сауықтыру, жағажай, тарихи-мәдени және табиғат аясындағы демалыс. Айтпағым, жергілікті халық осы төрт бағыттың қайсысына көбірек мән береді? Қайсы бағытта қалтасы көтере алады, қайсысы бюджетке көп ақша әкеледі? Табиғат аясындағы туризмді дамыту Жер-Ананы ластап, адамзат баласының қоршаған ортаға деген жаны ашымастығын, жауыздығын көрсеткендей. Суға, теңіз, мұхит, көлдерге пластик, баклашка сынды заттарды лақтырып кетіп, экологияны қоқысқа айналдырған түрлі жан ауыртатын суреттер мен деректі фильмдерді көріп жүрміз. Мүмкін бұл бағыттағы туризмді дамыту қателік шығар?
– Жалпы, халық әртүрлі, талғамы да. Біреу табиғатта саяхаттағанды ұнатады, біреу тау етегіндегі коттежджі жалға алып жайдан-жай жатқанды ұнатады, біреулер сауықтыру шипажайын таңдайды. Адам әртүрлі бағытта жүре береді. Одан кейін халықтың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Мысалы, Сарыағаш шипажайларына 99 пайыз басқа төңіректен келетін адамдар демалады. Оған біздің облыстың экономикалық жағдайы көтере бермейді. Сосын мән бермейді. Негізі, демалу мәдениеті деген нәрсені әлі қалыптастырған жоқпыз. Салдарынан табиғатты ластау, өртеу барлық нәрсе содан шығып отыр. Яғни экологиялық мәдениет пен сауаттылықтың жоқтығынан. Бірақ табиғат аясындағы туризмді дамыту бірінші кезекте тұратын нәрсе. Тек дұрыс ұйымдастырып, дұрыс жолға қою білу керек. Адамдарды қанша күштеп, айыппұл салғаныңмен одан ол өзгермейді. Табиғатты аялау үшін тек сананы өзгерту керек, оған әлі ондаған жыл кетеді. Туристік потенциалды біз бірінші кезекте өзіміздің облыстың деңгейінде және Шымкент қаласын бірге қосып пайдалануымыз керек. Ол үшін үш миллионнан аса тұрғын демей-ақ қояйын, жылына ең болмағанда бір рет саяхаттау керек. Яғни соның жартысы, бір жарым миллион халық жылына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары бір айда бір нүктеге барса әлеует көтеріледі. Мәселен, бір айда Ақсу-Жабағылы қорығына, келесі айда Сырдария, келесіде тарихи нысан Арыстан баб, Яссауи т.б. Соның өзінде бір жылдың ішінде облысты айналып шыға аламыз. Тағы бір нәрсе, үлкен көлемдегі айналым. Тұрғындардың табиғатты, тарихты танып білуін, дүниетанымын, көзқарасын өзгертуге атсалысу.
– Осы орайда, бізде ішкі туризм бізде қалай дамып жатыр? Жергілікті халық өз елінің, жерінің тарихын, асыл мұрасын қаншалықты біледі?
– Туризм енді-енді қолға алынып жатыр. Әсіресе бір күндік турлар ұйымдастырып жүрген жігіттер Ержігіт Жұмаділов, Петр Мирошниченко көптеген пайдасын тигізіп жатыр. Апта сайын жүздеген адамды табиғатқа, тарихи орындарға алып шығып, таныстырып жүр. Бұл әрине өңірдегі үш миллион аудиторияны алатын болсақ, аздық етеді. Басқалай біздегі мектептерден, университеттерден саяхаттап жатқандар да бар, бірақ олардікі жай ғана селфи туризм. Оларға тарихы да, басқасы да қызық емес. Бұған әсіресе мектеп қабырғасындағы білім бөлімдері жауапты болу керек. Қасиетті, киелі орындарға барар алдында негізгі талаптар болу керек деп ойлаймын. Барып тек суретке түсіп, селфи жасап қайту емес. Бүгінгі жастар саяхатқа шыққан кезде кітаптан оқыған тарихты біліп, соларды көзбен көріп қайтқанын ұғынуы тиіс.
– Түркістанның су көздері туралы қызықты деректер айтып берші? Шымкент халқы қандай су көздерін ішіп отыр? Түркістан халқы ше? Ауыз судан экологиялық тапшылық көріп отырған елді мекендер бар ма? Туризмге бұл су көздерінің қоса алатын қандай үлесі бар?
– Облыстың негізгі артериясы – Сырдария өзені және сол өзеннің сағалары Бадам, Арыс Масат, Боралдай. Бірақ жылдан жылға су тапшылығы туындап келеді. Биыл Сырдария тіпті тасымақ түгіл, ернеуінен де асқан жоқ. Бұл жалпы жаһандық жылынудың әсері. Жауын-шашын мен қар мөлшері төмен жауды. Одан кейін суды қалай болса солай ысыраппен пайдалану. Ирригациялық жүйелердің тозғаны көрінеді, мұны да жүйеге келтірмесе болмайды. Ол үшін тамшылатып суғаруды көбейту, арнайы атыздар немесе құбырлар арқылы пайдалану, қысқасы суды ысырапқа жібермеу керек. Өйткені Сайрам мен Ақсу өзендері жаздың уақытында Арыс өзеніне құймайды. Арыс өзенінен Сырдарияға болар-болмас тамшыдай ғана су құйылып тұрады. Қалған судың бәрі ирригацияға қалай болса солай бей-берекет кетіп жатыр. Бізде бір бұлақ көздеріне, су көздеріне деген арнайы бақылау, қарау, қорғау жоқ. Ол нәрсені естіген де, көрген де емеспіз. Алатаудан Төлеби, Қазығұрт, Түлкібас аудандарынан шығып жатқан су көздері біздің облысқа жетерлік. Бірақ соны дұрыс пайдалана алмай жатырмыз. Шымкент қаласы Ақсу өзенінен су ішіп отыр. Бұл жағынан Шымкент әлемдегі ең бақытты қалалардың бірі десек болады. Өте таза, сапалы сумен қамтамасыз етілген, ал Түркістанда су мәселесі бар. Су кішкене кермектеу. Жалпы, өңірде су тапшылығын көріп отырған елді мекендер көп. Әлі де болса орталық су жүйесіне қосылмаған елді мекендер жетерлік. Қосылған күннің өзінде сапасыз, құрамында тұзды, басқа да минералды заттар өте көп. Ондай елді мекендер бізде толып жатыр.
– Түркістанның тау-тасын, орманын мекендейтін аң-құстар туралы айтып берсең? Нешеуі Қызыл кітапқа енгізілген? Белгілі бір маусым кезінде аң-құс атып алу, балық аулауға рұқсат берілетін заң бар, ол дұрыс па?
– Енді біздің облыста нақты саны қанша екенін білмеймін, бірақ өсімдіктер мен жануарлардың био алуан түрлілігі әлі де болса сақталып тұр. Бірінші кезекте өсімдіктер әлемі бойынша көптеген өсімдіктің түрлері жойылып кету қаупінде. Бұрынғыдай өсімдіктердің ұрықтарын таситын ауыспалы мал шаруашылығы жоқ. Үлкен көлемдегі құстар да азайып барады. Аңдардың да миграциясы тоқтады. Ен даланы кезіп, жортып жүрген жабайы аңдарды көрмейміз. Осы себептерге байланысты қазір өсімдіктердің таралуы мен көбеюіне қиыншылық туып отыр. Қызыл кітапқа көптеген аң-құстар енгізілген, бұл дұрыс емес нәрсе. Қызыл кітапқа қар барысы, қоңыр аю, құстардың да 500-ден аса түрі, 100-ден аса аңның түрі енгізілді. Ал оларды пайдалану, ату бойынша келсек, Қазақстанда арнайы ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда аңшылыққа тыйым салынып, мораторий жарияланған. Басқа жерлерде арнайы өзінің маусымында аңшылық лимитпен жүргізіліп жатыр. Балық та сондай. Балықтың уылдырық шашу кезеңінен басқа уақытта кез келген адам облыстың су айдындарынан балық ұстауына болады.
– Түркістанның жасыл желегі туралы деректер айтып берсең. Көпшілік қана емес, жергілікті тұрғындардың өзі біле бермейтін қандай ғажайыптар бар? Қандай жасыл желектерді өлкенің климатына қарай көбейткен дұрыс? Мамандар аймақтың климатын зерттеген кезде нені ең басты назарда есепке алуы керек? Қандай ағаш түрлері аймақтың жасыл экологиясы мен туризмін жақсарта түспек?
– Жасыл аймақ дегенде, біздің облыстың өкпесі бірінші батыс Алатауындағы Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт ауданындағы аршалы ормандар, Сыр бойындағы тораңғы тоғайлары, үш миллион гектардан аса аумақта орналасқан сексеуіл ормандары жатады. Біздің негізгі экожүйені үш түрлі орман жүйесі құрайды. Аршалы, тораңғы тоғай және сексеуіл. Бір байқағаным, соңғы жылдары облыста кез келген қалалы, далалы аумақ болсын, қылқанжапырақты ағаштарды егіп, қаншама ақшаны босқа далаға кетіріп жатыр. Олардың орнына жеміс ағаштарын ексе ол керемет дүние болар еді. Шиенің, алманың гүлдеген уақытында жаппай туристер тартуға болар еді. Тек қана Түркістанда емес, Шымкенттің де кез келген өңірінде болсын жеміс ағаштарына баса көңіл бөлу керек. Біріншіден бізде климат жылы, өрік, алма, шие, алхоры, шабдалы т.б. бәрі өседі. Бұл жеміс ағаштары әрі азық әрі сая болады. Күнделікті өзіміздің тұтынатын дүниеміз көшеде өсіп тұрса, керемет емес пе?! Табиғи өнімдерді бәріміз алып жеп жүрсек, қанеки! Одан бөлек ол аң-құстардың да азығы. Бес-алты жылдың ішінде жеміс ағаштарын жаппай егетін болсақ, сол кезде көресіздер, қалай аң мен құстардың көбейіп кеткенін. Өйткені, олар да табиғи өніммен қоректенеді, табиғаттың көркеюіне үлес қосады.
– Өзің еңбек етіп отырған Сырдария – Түркістан паркінің экологиялық мәселесі бар деп айтып қалдың. Ол қандай мәселе?
– Иә, мұнда Сырдария – Түркістан паркінің экологиялық жағы екіге бөлінеді. Бірінші Боралдай, ол жақта жағдай кішкене тұрақты. Ал мынау Сырдария жағында біраз мәселе бар. Ең үлкен мәселе сол, соңғы жылдары Сырдария мүлде көтеріліп, тасымай жатқандықтан, жағасындағы тораңғылы ағаштар қатты зардап шегуде. Ағаштар қурап, сынып жатыр, өсіп-көбею процесі қазір тоқтаған. Егер Сырдария жыл сайын таситын болса тораңғы ағаштары өздігінен өсіп көбейетін еді. Қазір Көксарай су қоймасы салынғалы бері Сырдарияның экожүйесіне өте үлкен қауіп төніп тұр. Себебіне тоқтала кетейін. Көксарай су қоймасы нағыз көктемнің су жайылатын кезде суды ұстап қалып жатыр. Соның кесірінен Сырдың бойындағы тоғайлар қурап жатыр. Ал дария тасыса тоғайлар көгеріп, өсіп-өркендеп жайқалып тұратын еді. Жалпы Көксарай су реттегішінің функциясы Сырдария өзенінде елді мекендерді су алу қаупі туған кезде ғана су жинау керек еді. Ал олар су аз болса да толтырып жатыр. Кезінде Сырдың бойында балықты тыйым салынған әдістермен ұстаған. Өзеннің ішінде кәдімгі бомбылар қойып жару немесе электр тогын пайдаланып балық аулау әлі күнге дейін тоқтаған жоқ, жалғасуда. Бірақ бұрынғыға қарағанда тыйылған. Құқық қорғау орындары мен арнайы табиғат қорғаушылармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл қалпына келетін дүние. Ал Сырдария өзенінің тасымауы, арнасына жайылмауы экологиялық қауіп болып тұр. Сырдария әлемдегі төрт киелі қасиетті өзеннің біріне жатады. Қазақтың кез келген тарихына қарасаңыз, Сырдария мен Сыр бойы қалалары үшін соғыс жүрген. Сырдария атауының көп нәрсеге байланысы бар. Өзеннің бойында басқа жақты айтпағанның өзінде 2 миллиондай халық және Қызылорда облысы осы Сырмен күн көріп отыр. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда 30 миллионға жуық ел Сырдариямен азықтанады.
– Әңгімеңізге рахмет.