Ғани Ахметбаев: Шымкентке жаңа ипподром керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біраз уақыттан бері Шымкент қаласындағы орталық ипподромның айналасында әңгіме өршіп тұр. BI group компаниясы қазіргі ипподромды бұзып, орнына тұрғын үй салмақшы. Ал жаңа атшабарды қаланың басқа жерінен өз қаржысына салып беруді жоспарлаған.
Шымкенттіктер қазіргі ипподромның орнына тұрғын үй құрылысын жүргізуге қарсы шықты.
Ал өмірін осы ат спорты саласына арнаған белгілі бапкер, «Құлагер» көкпар командасының жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев Шымкентке жаңа ипподром керек деген пікірде.
Сонымен, оңтүстіктегі ат спорты саласының ардагерімен осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
- Шымкент ипподромы ашылғалы қанша уақыт болды?
- Биыл тура 41 жыл болыпты бұл атшабарға. 1979 жылы ашылған.
- Ипподром ашылғалы бері күрделі жөндеуден өткен бе?
- Әр жылдары әр деңгейде күрделі жөндеулер болған. Бірақ заманауи ипподром деңгейінде деп айтуға келмейді. Тозғандарын ғана ауыстырып, бүлінген жерін қалпына келтіру жұмыстары ғана жасалған.
- Жақында ипподромды жауып, орнына көпқабатты тұрғын үй салынатыны жайлы сөз болды. Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз. Құрылыс компаниясы ипподромды түбегейлі бұзып тастамақшы ма?
- Осы салада жүрген маман ретінде әкімнің қабылдауында болдым. Ипподром жайлы сөз болды. Сол жерде мен атшабардың қазіргі жағдайы жайлы толық айттым. Оның жөндеу көрмей, тозығы жетіп, қазіргі заман талабына сай келмей тұрғанын жеткіздім. Сол кезде әкім BI group компаниясы өкілдерімен кездескенін, олардың ипподром жобасына қатысты ұсыныстарын тыңдағанын, егер келісімге келіп, қолдау тауып жатса, қазіргі ипподромның орнына тұрғын үй құрылысын жүргізуге ниетті екендерін айтты. Сонымен қатар әкім құрылыс компаниясы қаланың бас жоспары бойынша белгіленген жерге қазіргі заманға сай, заманауи ипподром салып беруге уәде бергенін жеткізді.
- Жаңа ипподромды қай жерге салмақшы?
- Шымкент қаласына кіреберісте Алматы айналма жолы бар. Шымкентке келіп көрген адам біледі, бұл жол қала қақпасы деуге болады. Сол жолдың бойында, қырдың үстінде, қала территориясында жаңа ипподромға деп 47 гектар жер бөлінген. Бұл қаланың картасында да, бас жоспарында да бар.
- Жаңа ипподромның қашықтығы қанша болады? Жаңылмасам, қазіргі ипподромның ұзындығы 1,6 шақырым секілді еді.
- Иә, қазіргі ескі ипподромның ұзындығы 1600 метр. Бұл біздің қазақи аттарға, төл спортымызға сай келмейді. Мысалы, аламан бәйге 30-35 шақырымға созылады. Ал 1600 метр жерде 35 шақырымға ат жарыстыру деген оңай шаруа емес. Ондай додаларда қазіргі ипподромның қашықтығы жақын болады. Сол себепті қазіргі ипподромда аламан өткізу қиын. Қарапайым 16 шақырымдық топ бәйгені өткізгеннің өзінде ат 10 рет айналуы керек. Ал жаңадан салынатын атшабар шеңберінің ұзындығы 2,4 немесе 3 шақырым болады деп жобалап отырмыз.
Қала әкімімен кездесу барысында ипподром салу бойынша комиссия құрып, сол комиссияға мені мүше етіп тағайындады. Сол кезде мен атшабар құрылысына қатысты өз талаптарымды, ұсыныстарымды айттым.
- Мысалы, қандай ұсыныстар жасадыңыз?
- Ең әуелі жарысқа қатысатын аттарға жағдай жасалуы керек. Сол үшін 200-300 ат сыятындай қорасы болса, дринаж, спортшылар жататын қонақ үйі, көкпар алаңы, т.б. ат спортына керекті алаңдардың барлығы болуы керек деген ұсыныстар айтылды.
Егер бізге ипподромды аталған құрылыс компаниясы жаңадан салып беретін болса, өз талаптарымызды қоя отырып, жақсы ипподром салғызып алуға мүмкіндік болар еді. Ал үкімет қаржысына салғызсақ, қаржы үнемдегіштер көбейеді де, «атшабар ма, атшабар» деген бір алаң салып бере салатыны белгілі. Бұл - өз ойым. Себебі, елордадағы «Қазанат» атшабарын өзің білесің. 20-30-ақ атқа арналған екі қорасы бар. Үлкен додалар өткен кезде шет өңірлерден келген аттар сыймай, жазда ыстық күннің астында сонаға таланып, көктем мен күзде жаңбырдың астында қалады. Ал аттың күйі болмаса, жағдайы жасалмаса, өз деңгейінде өнер көрсете алмайтыны айтпаса да түсінікті жағдай.
Біз барымен базар дегенге үйреніп қалғанбыз. Шындап келгенде, бұл - жылқыға деген құрметсіздігіміздің белгісі. Ал жарқыратып жаңа ипподром салып, іші-сыртындағы жабдығын түгендеп, жайнатып ұстайтын болсақ, өзгелерге де үлгі болар еді, кеше ғана Елбасымыз өз мақаласында айтқан «Атқа міну мәдениетін» дамытудың жарқын үлгісі болар еді.
- Елімізде атшабар саны көп емес. Десе де, жаңадан салынып жатқан ипподромдар бар ма? Ипподром құрылысында тәжірибеңіз бар ма дегенім ғой...
- Иә, қазір елімізде қазіргі заманға сай салынып жатқан атшабар жоқтың қасы. Барлығы ескірген. Халық өзі көкпар тартуға ыңғайлап алған алаңдарын «ипподром» деп атап жүр. Дегенмен, бұл салада тәжірибеміз бар. Мысалы, Түркістан облысының орталығында жаңадан атшабар салу жоспарланып отыр. Сол атшабардың құрылысына өз ұсыныстарымды айтып, жасаттым. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары аяқталды. Құдай бұйыртса, еліміздегі алдыңғы қатарлы атшабарлардың бірі болады деп ойлаймын. Облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы бір-бір жарым жылдың ішінде бітіріп беруге уәде беріп отыр. Сондай бір көрген адам сүйінетін, аттың да, адамның да жағдайы тең қарастырылған ипподром осы Шымкент қаласында да салынса деген ниетіміз бар.
- Қазіргі ипподромның қандай кемшілігі бар? Халық атынан петиция жариялап, ескі ипподромды бұзуға қарсы шығып жатқан адамдар да бар екен.
- Қазіргі ипподромның кемшілігі бар деуге аузым бармайды. Бірақ, расымен тозығы жеткен. Бұл – бірінші.
Екіншіден, көрермендерге жағдай жасалмаған. Себебі, ипподромның дәл жанынан «Наурыз алаңы» ашылды. Оның сыртында ипподромның айналасында көлдер бар. Ипподромға келген адам көлігін кірер есіктен алысқа қалдыруға мәжбүр. Көрермендер ортыратын орын мен автотұрақтың арасы алыс.
Үшіншісі – әрі ең бастысы деуге болады, ипподром қала деңгейінен 8 метр төмен, сай жерге орналасқан. Бұл дегеніңіз – ипподромда жазда өтетін жарыстар мен көкпарға өте кері әсер етеді. Жел тимейді. Ипподром қазандық секілді. Ыстық күнде ауа ауыспағаннан кейін көкпарға түскен аттарға, бәйгеге шапқан аттарға тыныс алуға ауыр болады. Аттарға дем жетпей құлау, тіпті өліп кету жағдайлары да тіркелген.
Төртіншіден, бұл атшабар күнгей бетке қарай бейімдеп жасалған. Ал қазіргі ипподромдардың негізгі талабы бойынша күн шығыс пен күн батыстың бағдарын негізге алып жасалады.
Бесіншіден, атшабар мен атқораның арасы алыс. Ипподромнан шыққан аттар атқораға бару үшін зоопаркті айналып өтуі керек. Бәйге аттары да, көкпар аттары да үзіліс кезінде тұрғын үйлердің арасымен өтіп, атқораға айналма жолмен барады.
Алтыншыдан, атшабардың әкімшілік ғимараты да бәйге алаңынан алыста. Ал стандартқа сай ипподромдарда әкімшілік ғимараты да, атқорасы да бәйге алаңының маңында орналасады.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ипподром кезінде Асекеңнің (Асанбай Асқаровты айтып отыр – Е.Ж.) жоқтан бар жасаған еңбегі ғой. 40 жыл халыққа қызмет етіп келді бұл атшабар. Оны ешкім жоққа шығармайды.
Менің айтпағым, қазіргі мүмкіндікті пайдалана отырып жаңа ипподромды салғызып алу керек. Егер Шымкентте жаңа ипподром салынатын болса, атсүйер қауымның, ат үстінде жүрген азаматтардың, әсіресе, жылқыға қызығушылық танытып жүрген жастардың тілегі орындалар еді.
Себебі ипподром мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. 2013-2014 жылдары осы атшабарда бірнеше ат өлген соң, жиын өткізгенбіз. Соның негізінде ат спортының, көкпардың ардагерлері жиналып, үндеу жасап, сол кездегі әкімдерге ұсыныс жасаған едік. Өкінішке қарай, қаржы мәселесіне тіреліп, осы уақытқа дейін созылып келе жатқан. Ал мына құрылыс компаниясының ұсынысы біздің тілегімізге дөп келіп тұр. Жаңа ипподром салғызып алуға үлкен мүмкіндік болып тұр.
Әрине, бүгінгі ескі ипподромның аты бар, тарихы бар, оны жоққа шығармаймыз, керісінше, сыйлаймыз. Соның белгісі ретінде осы қазіргі ипподромның құрылысын салғызған қоғам қайраткері, Еңбек ері Асанбай Асқаров атында халықаралық турниріміз бар. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан өтетін турнирге қатысуға келетін шетелдіктер де аз емес.
- Қазіргі ипподромды бұзбасын деп отырған топтың ішінде атбегілер, көкпаршылар бар ма? Оңтүстік - көкпардың отаны, көкпаршыларымыз ипподромның ауысуына қандай көзқарас білдіріп отыр?
- Жалпы атшабардың ауысуына командалық көкпардағы, жаппай көкпардағы өзім білетін азаматтардың бәрі келіседі. Әрине, ел іші болған соң түрлі пікірдегі адам болатыны заңды. Әсіресе, аттың маңына бармайтын, жылқыдан, ұлттық спорттан онша хабары жоқ адамдар болады ғой. Барлығына жауап бере алмаймын. Дегенмен, көпшілігінің ұсынысы осы. Яғни Шымкентке жаңа ипподром керек және ол жаңа орынға салынғаны оңды. Мен бұны ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Осы ипподром мәселесі көтерілгенде бәрі бір ауыздан келіскен.
Жаңа ипподром. Қазіргі заман талабына сай. Бәйге аттарының, көкпар аттарының үздіктерін анықтап, шабандоздарымызды баулуға үлкен мүмкіндік осы болып отыр.
Менің ойымша, ескіге тамсана беруді қойып, қазіргі жаңа заман талабына сай, атқа да, адамға да жағдай жасалатын дүниеге ұмтылғанымыз дұрыс. Қазіргі жастар да соған бейім. Жастар ат мінуге құштар. Бірақ ескі ипподромда оған мүмкіндік жасалмаған. Жаңадан салғызар болсақ, осы мәселенің барлығын реттеп алуға мүмкіндік бар.
Әрине, мұның барлығы - менің ойым. Халыққа, жаңадан өсіп келе жатқан жастарға, атсүйер қауымға жақсы болсын деген ниетпен айтып отырмын. Барлығы биліктің қолында. Халықпен ортақ шешімге келіп, келісе отырып шешсе, бізге жаңа ипподром салып берсе болғаны.
- Әңгімеңізге рахмет!