Англия мен Венгриядан келген сарапшылар еліміздің ветеринарларына тәжірибелік тренинг өткізді
Сәуірдің 8-і мен 12-сі аралығында Алматы және Қостанай қалаларында зооноздық аурулардың, сібір жарасының және аусыл ауруының ошақтарын зерттеу бойынша мал дәрігерлеріне арналған тәжірибелік тренинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Халықаралық ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) Англия мен Венгриядан келген сарапшылары аса қауіпті зооноздық аурулардың ошақтарына тиімді және жедел әрекет ету тәжірибесімен бөлісті. Мал дәрігерлері індет ошағында қалай әрекет ету керектігін, дезинфекция және биоқауіпсіздік ережелерін сақтауды, қауіп-қатер шараларын әзірлеуді, аурулардың себептерін зерттеуді және таралу көздерін анықтауды нақты түрде көрсетті.
Осылайша, ФАО сарапшылары: Ұлыбритания мен Австралияда жұмыс істеген және аусыл сияқты қауіпті вирустық ауруды зерттеуге маманданған британдық ветеринар Дэвид Патон, сондай-ақ трансшекаралық жануарлар аурулары және төтенше жағдайларға дайындық бойынша жобаларды қолдау бойынша ФАО-ның Еуропа және Орталық Азиядағы аймақтық бюросының кеңесшісі, венгр ветеринары Марк Ховари қазақстандық әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аусыл ауруының ерекше қауіптілігі – бұл ауру өте тез таралып, қоршаған орта мен жануарларды жұқтырады. Әдетте, жас мал бірінші болып қырылады. Сондықтан аусыл дертіне шалдыққан көптеген елдер үлкен экономикалық шығынға ұшыраған болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда аусыл бойынша проблема жоқ, бірақ санитарлық нормаларды сақтау және елге ауру малдың әкелінуіне жол бермеу өте маңызды. Бұл қауіп әсіресе заңсыз импортта кездеседі, - деп атап өтті Дэвид Патон.
Оның айтуынша, аусыл дертінің ерекше қаупі – оны ерте кезеңде анықтау қиын, әсіресе, ұсақ мал арасында кең тарайды. Соның салдарынан ауру малдар шалғында жайылып, қоршаған орта мен жабайы жануарларды да осы дертпен жұқтырады. Сонымен қатар, аурудың таралуында адам факторы үлкен рөл атқарады, сондықтан инфекцияның кең таралуына ауру жануарлармен жұмыс істеген мамандар да себепкер болуы мүмкін. Яғни, тексеріс жүргізу барысында киімдерін дезинфекцияламай, басқа облысқа, шаруашылыққа келіп, вирус таратуы әбден мүмкін. ФАО сарапшылары жануарларды вакцинациялау іс-шараларымен де бөлісті.
Сарапшылар ауруды ерте кезеңде анықтау үшін қандай клиникалық белгілер қолданылатыны, індетті және оның себептерін анықтау үшін фермерлер арасында сауалнама жүргізу жолдары туралы қызықты ақпаратпен бөлісті. Бір шаруа қожалығында індет болса, екіншісінің малы сау, оның да себебін тез анықтауымыз керек. Сарапшылар дезинфекцияны қалай тиімді жүргізу керектігін және бүгінгі күні ең жақсы қорғаныс құралдары қандай екенін түсіндіріп өтті. Мұның бәрі бізге күнделікті жұмысымызда өте пайдалы болады, мамандар вирустың таралуын болдырмау, сонымен қатар мамандардың өз денсаулығын сақтау үшін өңірлерде жергілікті мал дәрігерлеріне тренингтер өткізуді жалғастырамыз, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Бақыт Таласбаева.
Тренингтерді ФАО-ның Қазақстандағы байланыс және серіктестік кеңсесі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы «Бірыңғай денсаулық» тәсілін нығайту және оның микробқа қарсы тұрақтылық (АМР) және зооноздық аурулармен күресудегі әлеуеті» жобасы аясында ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Жоба Қазақстан Республикасына ветеринариялық қызметті нығайтуға, жануарлар мен халықтың денсаулығына төнетін қатерлердің алдын алу, оларды ерте анықтау және әрекет ету әлеуетін арттыруға қолдау көрсетуге бағытталған.