Қаламгерлер қайыршы болмауы керек – Әнес Сарай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевпен кездесуде жазушы Әнес Сарай осылай деді.
"Мемлекет басшысының жолдауындағы маған ұнаған тұсы, халыққа өз ойын ашық айтуға рұқсат беруі. Қазір халық шаршады. Айтатын жері жоқ, тыңдайтын құлақ жоқ. Енді олар көшеге шықпағанда қайтеді. Қай елде ойын ашық айтқаны үшін қолын қайырып қамаушы еді", - деді жазушы.
Сонымен қатар, отандық жазушылардың қаламақы мәселесі де бар екенін айтты.
"Біз осы қандай мемлекетке тап болдық. Мына отырған қаламгерлердің бәрі тәуелсіздік алғалы қаламақы алған жоқ. Қазір бір парақ анықтама алу үшін ақы төленеді. Ал біз том-том кітаптарды тегін жазамыз. Қай мемлекеттің қаламгерлері дәл осындай қайыршылық күн кешіп отыр. Біздің мемлекетке қаламгерлер үшін 1 млрд теңге бөлу қиын болып отыр ма", - деді жазушы.
Қаламгердің бұл сұрағына қатысты Бердібек Сапарбаев: Биыл қаламгерлер үшін 2 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.