Қандастардың жағдайы қалай өзгереді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында берген есептік кездесуінде қандастардың азаматтық алу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

Ұлтаралық қатынас саласының үлкен бір бөлігі – шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесі. Бұл бағыттағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір "Отандастар" қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаны қолға алдық. Өздеріңіз білесіздер, Үкімет тарапынан бекітілген "2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары" бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық іс-шара өткізіліп келеді, - деді ол. 

Министр атағандай, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімін анағұрлым жеңілдетіп, "бір терезе" принципі енгізілді. 

Осының арқасында қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажет құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарады. Қандастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау мәселесі де жылдан жылға шешіліп келеді. Қазір олар елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға енгізілетін болады, - деді ол. 

Министр азаматтық алғысы келетін қандастарымызға арналған "Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы" құрылып, оған былтырдың өзінде 5 мыңға жуық өтініш түскенін атап өтті. 

Өз кезегінде "Отандастар" қорымен бірлесіп қазақтар көп шоғырланған шет елдерде Қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылатын болады. Бұл ең алдымен Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия мен Түркия сияқты елдерге қатысты. Тіл оқыту мәселесіне келсек, қазірдің өзінде 12 елдің 23 қаласында 31 қазақ сыныптары онлайн режимде ашылды. Осы жылы бұл елдерде 2,5 мыңнан аса балалар ана тілін оқитын болады, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы