Анасының туған күнін тойлаған ер адам қамауға алынды

Жамбыл облысында масаң күйдегі жолаушы жан-жағындағы адамдарға құрметсіздік танытып, мазаларын алғаннан кейін «Алматы-Қостанай» пойызынан түсірілген. Ол анасының 70 жылдығын тойлап келе жатқанын айтқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шу аудандық соты қайталап қоғамдық орындарда мас күйінде болған деп айыпталған азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

Ер адам 2026 жылдың қаңтар айында «Алматы-Қостанай» бағыты бойынша жүретін жолаушылар пойызында масаң күйде болып, өзін дұрыс ұстамай, басқа жолаушыларға айқын құрметсіздік танытқан және жолсеріктің көптеген ескертулерін елемеген. 

«Шу» станциясының желілік полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыны пойыздан шығарып, хаттама толтырған. Медициналық куәландыру орташа дәрежелі алкогольдік масаңдықты растады. 

Сот сонымен қатар құқық бұзушының 2025 жылдың мамырында жоғарыда аталған құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылғанын анықтады. Сотта құқық бұзушы кінәсін мойындап, анасының 70 жылдығын тойлағаннан кейін масаң күйде болғанын түсіндірді. Ер адамның кінәсі құқық бұзушының айғақтарымен, түсініктемесімен, хаттамамен және медициналық қорытындымен расталды. ӘҚБтК 440-бабы 3-бөлігінің санкциясы 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуды немесе 20 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот қаулысымен К. ӘҚБтК 440-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды, - деп хабарлады Жамбыл облысы Шу аудандық сотының баспасөз қызметі. 

Қаулы заңды күшіне енді. 

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында алимент төлемеген ана сотталғанын хабарладық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы