Анасына құрметсіздік танытқан Сәтбаев тұрғыны қамауға алынды
Ол анасына құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтқан.
Сәтбаев қалалық сотында мас күйінде отбасының шырқын бұзған ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот мәліметінше, ер адам үйде анасына құрметсіздік танытқан және балағат сөздер айтқан. Оның бұл әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігі («Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша сараланды.
Істі қарау барысында сот ер адамның өз кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Дегенмен, оның бір жыл ішінде осыған ұқсас әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасағаны белгілі болды. Соған байланысты бұл жағдай жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
«Сот қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», – деп хабарлады сотта.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында шу шығарған әйел қамауға алынды.