10 Шілде 2026, 17:21 Фото: depositphotos.com

Анасын, жиенін және үйдегі қарт қонақтарды өлтірген: Астана маңындағы қанды қырғынның жай-жапсары белгілі болды

Жібек жолы ауылындағы төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша сот ер адамды қылмыстық жауаптылықтан босатып, психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем тағайындады.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі соты Жібек жолы ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі қаза тапқан резонансты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотталушы бұған дейін де жауапқа тартылған. 2016 жылы оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, қоғамдық жұмыстарға тартылған. Ал 2022 жылы оған психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылған. 2023 жылдан бері «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатр дәрігердің есебінде тұрған. Қазір ер адам қатаң оқшаулау жағдайында қарқынды бақылау жүргізілетін республикалық психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Медициналық мекеме Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан.

Соттың 2026 жылғы 10 шілдеде хабарлауынша, наурыз айында сотталушы анасының үйінде болған кезде ұялы телефонның істен шығуына байланысты жиенімен жанжалдасқан. Жиені «102» нөміріне хабарласып, полиция шақырған. Алайда жанжал реттеліп, анасы полицияны асығыс шақырғанын айтып, ұлына қатысты шара қолданбауды сұраған.

Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін сотталушы телефонның істен шығуына және полиция шақырылғанына ашуланып, үйде отырған адамдарға асүй балтасымен бірнеше рет соққы жасаған. Төрт жәбірленушінің үшеуі зейнеткер болған. Соның салдарынан анасы, жиені және жасы үлкен екі қонақ қылмыс болған жерде көз жұмды, - деп мәлімдеді сот.

Сараптама сотталушының «параноидты шизофрения» түріндегі созылмалы психикалық ауруға шалдыққанын көрсетті. Қылмыс жасалған кезде ол созылмалы психикалық ауытқу жағдайында болған. Сол себепті тергеу әрекеттеріне қатыса алмайды және сот алдына келе алмайды.

Сот қаулысымен Г. есі дұрыс емес жағдайда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1) және 5) тармақтарында көзделген қоғамға қауіпті әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған қарқынды бақылау жүргізілетін мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды, - делінген хабарламада.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2 наурыз күні Астана маңындағы Жібек жолы ауылында жантүршігерлік қылмыс болып, ер адам өз отбасының төрт мүшесін қатыгездікпен өлтіргені туралы ақпарат тарады.