Бүгiн 2026, 14:09 Фото: freepik.com

Анасы міндетін орындамаған: Аш-жалаңаш жүрген 4 бала мемлекет қамқорлығына өтті

Үш кәмелетке толмаған бала Балаларды қолдау орталығына, ал кіші бала мамандандырылған балалар үйіне жіберілді.

Ақмола облысында аш-жалаңаш жүрген 4 бала мемлекет қамқорлығына тапсырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шортанды ауданының прокуратурасымен қолайсыз отбасыларда тұратын балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйіне жүргізілген талдау барысында ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамау фактілері анықталды.

Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде бір отбасында төрт кәмелетке толмаған баланың тиісті өмір сүру жағдайлары қамтамасыз етілмегені, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені белгілі болған. 

Анасының тұрақты тұрғын үйі, табыс көзi және тұрақты мекен жайы жоқ. Аудандық полиция бөлімінде «Кәмелетке толмаған балалардың тәрбиесі мен қамқорлығын орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана» санаты бойынша есепте тұр және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен балалар анаcынан оқшауландырылды. Аудан прокуратурасының тапсырмасы бойынша оны ата-аналық құқықтарынан айыру туралы сотқа жүгіну ұйымдастырылды, - деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Прокуратурадан хабарлағандай, алғашқы кезеңде балалар тексеруден өткізу және қажетті медициналық іс-шараларды жүргізу үшін уақытша аудандық ауруханаға орналастырылған.

Одан кейін үлкен үш кәмелетке толмаған бала Балаларды қолдау орталығына, ал кіші бала Щучинск қаласындағы мамандандырылған балалар үйіне жіберілді. Аудан прокуратурасы кәмелетке толмағандарды орналастыру жағдайларын бақылауды қамтамасыз етіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдауды жалғастыруда, - деп хабарлады прокуратурадан.