Бүгiн 2026, 12:48 Фото: Polisia.kz

"Анашым, менің өлгім келмейді": Жоғалып табылған 13 жастағы баланың жанайқайы жұртты толқытты

Қарағандыда жоғалып, кейін табылған 13 жастағы баланың анасына жіберген жанайқайы жұртты толқытты. Оның басынан не өткені әзірге толық ашылған жоқ.

Қарағанды облысы Абай қаласында жоғалып кеткен 13 жастағы Рыс Бибарыс Бекнұрұлы аман-есен табылды.

Бұған дейін жасөспірім 1 сәуір күні үйінен шығып, қайта оралмағаны хабарланған болатын. Оның жоғалып кетуіне байланысты полиция іздестіру жұмыстарын жедел бастаған еді.

Іздестіру жұмыстары жүргізілді

Жоғалған балаға қатысты деректер бірден жарияланып, тәртіп сақшылары кешенді іздестіру шараларын қолға алды. Жасөспірімнің белгілері мен киім үлгісі де таратылып, тұрғындардан көмек сұралған.

Анасына жолдаған аудио алаңдатты

Іздестіру барысында жасөспірімнің анасына жіберген аудио хабарламасы да тарады. Дауыстық жазбада баланың абдырап, қобалжып тұрғаны байқалады.

Анашым, 60 секунд қана қалды… Мам, қалай істеймін?.. Қалай?.. Маған біреуді жіберші, мен қолыммен бұлғаймын!

Маған көмектесші, анашым, менің өлгім келмейді... Мен сені жақсы көремін, анашым! - деп Бибарыс анасына аудио хабарлама таратқан.

Үзіндіден оның нақты не айтқысы келгені толық түсінікті болмаса да, сөздері алаңдаушылық тудырған.

Бала аман-есен табылды

Қарағанды облысының полициясы жүргізген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Рыс Бибарыс Бекнұрұлы табылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.

Еске салсақ, күні кеше де осыған ұқсас жағдай орын алды. Түркістан облысында жоғалған жасөспірім Шымкенттен табылды. Белгілі болғандай, із-түссіз жоғалған 2010 жылы туған Хасен Мардан Ғалымжанұлы 21 наурыз күні Ордабасы ауданындағы үйінен шығып, Түркістан қаласына барған. Жасөспірім полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде аман-есен табылды.