Анар Бердіқұлова: Ең алдымен, қоршаған ортаға деген көзқарасымыз өзгеру керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының эко-амбассадоры, эко-энтузиаст, @HelloPlanet_kz онлайн платформасының негізін қалаушы Анар Бердіқұлова экологияға қатысты пікірімен бөліскен еді.
Қазіргі таңда кейбір адамнан иығына ілінген эко-дорбаларды жиі кездестіріп жүрміз. Полиэтилен пакеттерінің орнына қолданылатын бұл дорбалар текстиль индустриясы қалдығынан жасалады. Ал, дорбаларды мүмкіндігі шектеулі адамдар тігеді. Осы жұмыстардың басы-қасында Қазақстан Республикасының эко-амбассадоры, эко-энтузиаст, @HelloPlanet_kz онлайн платформасының негізін қалаған Анар Бердіқұлова жүр.
Бүгінде әлем бойынша экология жағдайы мәз емес екені бәрімізге белгілі. Әлемдік ғалымдар сонау 70-80 жылдардан-ақ адамзаттың қызметі салдарынан экологияға орасан нұқсан келіп жатқанын айта бастаған болатын. Бірақ, бұл мәселеге адамдар тек кейінгі жылдары ғана көңіл аударып келеді. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді араласып, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасымызды, жалпы, өмір сүру салтымызды түбегейлі өзгертіп, табиғатты сақтап қалуға тырысу қажет, - дейді ол.Анар Бердіқұлованың айтуынша, Қазақстанда да экологиялық мәселелер баршылық.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Бір қуантарлығы, 2020 жылы министрлік пен қоғам арасындағы диалогтың басталғанын байқадық. Бұл – маңызды қадам. Менің қызметім тұрмыстық қалдықтар көлемін барынша азайтуға бағытталған. Мен «өз қажеттіліктеріміз бен өндіріс жолдарын қайта қарап, барынша төзімді модельдерді қарастыру керекпіз», деген идеяны жақтайтындар қатарындамын, - дейді ерікті.Мамандығы экономист болса да, экология проблемаларына бей-жай қарай алмаған Анар Бердіқұлова алдымен өзінен бастауды жөн санаған.
Экологияға менің тарапымнан қандай зиян келетінін көргім келді. Өзімнің әдеттерімді, әрекеттерімді, тіпті қызметімді өзгерту арқылы табиғатқа қандай пайда әкелетінімді сараладым. Бұл салаға бет бұруға себеп болған тағы бір жайт – тамақ, қоршаған ортаны тұтас зерттеп-зерделеу болды. Себебі, біз тұтынатын дүниенің барлығы табиғатқа әсер етеді. Осылайша, бірреттік полиэтилен пакеттердің орнын ауыстыратын бірнеше рет қолдануға жарайтын эко-дорбалар өндіруді бастадым. Бұл дорбалар жаңа маталардың қалдығынан жасалады. Сонымен қатар, дорбаларды тігу жұмыстары Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық бірлестігімен ынтымақтаса жүргізіледі, - дейді ол.Анар Бердіқұлованың алға қойған мақсаты – қызметі арқылы тұрмыстық қалдықтарды барынша азайтуды, саналы түрдегі өндіріс пен қажеттілікті насихаттау.
Табиғи ресурстарда да лимит бар. Шілде айында планетамыздың жаңартылған ресурстары таусылуға жақындайды. Одан кейінгі біздің тұтынатынымыз, батырып айтқанда, болашақ ұрпақтан «несиеге» аламыз деген сөз. Сондықтан, ең алдымен, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасымыз өзгеруі керек. Осы мақсатта біз бірреттік полиэтиленнің орнына экодорбаларды қолдануға шақырамыз, - дейді ол.Ерікті соңғы кездері қоршаған ортаны қорғауға ниеттілердің саны артып келе жатқанын айтады.
Мектеп оқушыларының, студенттердің табиғатқа деген қызығушылығы осыдан он жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, қазір басымырақ. Бұл да қуантарлық жайт. Әрине, барлық жастағы азаматтардың табиғатты қорғауға қатысты пікірі бір деңгейде емес, дегенмен, біз экология мәселесін әрбір адамның мақсатына айналдыруға тырысуымыз керек. Себебі, әрқайсымыз өзіміздің әрекеттерімізді, насихатымызды нарықтың ірі ойыншыларына бағыттау арқылы ғана қандай да бір жетістікке жете аламыз, - дейді Анар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Димаштың әндері Барселона радиосында шырқалды
Келесі жаңалық
Ұлттық банк коллекциялық монеталарды айналымға шығарады
Өзгелердің жаңалығы