«Анамның орамалы» әлемді аралайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында жоба авторы, суретші Лейла Махат хабарлады.
Оның айтуынша, креативті экономиканың болашағы зор.
Креативті экономика негізінде еліміздің ғана емес, бүкіл ғаламшарымыздың болашағы жатыр деп айтқан болар едім. 3 жыл бұрын пандемия басталған кезде мен «Анамның орамалы» жобасын ойлап таптым. Жоба ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапты. Жобаға адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен орамалдарын жіберді, әлі күнге дейін жіберуде, - деп атап өтті бейнелеу өнері саласындағы философия докторы.
Сондай-ақ ол жобаға қай елдің нәзікжандылары үлес қосқанын алға тартты.
«Анамның орамалына» еліміздегі әйелдерден бөлек, Вьетнам, Молдова, тіпті Орталық Африкадағы Буркина-Фасо мемлекетінен, Австрия, Словения, Израиль, Беларусь, Латвия, Армения, Мексика, Әзірбайжан, Түркия, Тайвань, Чехия мен Үндістан сынды елдерден қатысты. Анамның орамалы символын кездейсоқ таңдаған жоқпын. Себебі ананың иісін сезген кезде біз өзімізді қауіпсіз сезінетініміз анық, - деді Лейла Махат.
Суретшінің мәліметінше, жобаның әлемде баламасы жоқ, бірегей.
Оның механизмі қоғамдық санаға ықпал ету, әлемді қауымдастықтағы адамдарды біріктіруден тұрады. Жобаға жас ерекшеліктеріне, мамандығына, діні мен ұлтына қарамастан кез келген әйел орамалын жібере алады. Инсталляция әрі қарай әлемді шарлап, әр жаңа мемлекетте жоба қатысушылары оған өз жаулығын қосып, оны әрі қарай жөнелтеді. Осылайша, жаулық әлемді аралап, түрлі елдер мен мәдениеттер арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтады, - дейді суретші.
Айта кетерлігі, креативті индустрия – өнер, мәдениет, бизнес пен технологияны бір арнаға тоғыстырған экономикалық жылдам дамып келе жатқан жас секторы.