Аналар тігінді тегін үйреніп жатыр
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда «Аналар үндестігі» қоғамдық бірлестігі көпбалалы аналар, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді тігін тігуге тегін үйретіп жатыр. Сондай-ақ, орталықта бұл кәсіпті үйреніп жүрген мүмкіндігі шектеулі аналар да бар.
Карантин кезінде көп әйел жұмыссыз қалды. Осы қыз-келіншектерді тігінге бейімдеу мақсатында орталық жұмыс істеп келеді. Аналардың құлшынысы жоғары деуге болады. Жұмысымызды жуықта ғана бастадық. Бірақ осының өзінде 17 әйел келді. Біз карантин талаптарына сай оларды үйрету курстарын кестемен әр күнге бөлдік,-дейді «Аналар үндестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлсім Биташова.
Бірлестік тігін машиналарын демеушілер арқылы сатып алған. Ал ғимаратты әкімдік тауып берген. Орталық тігіншілерінің айтуынша үйренуші қыз-келіншектердің басым бөлігі бұрын-соңды іс тігіп көрмегендер екен. Сондықтан олар алдымен сәби киімдерін пішіп-тігуді үйретіп жатыр. Одан соң көйлектер, жейделерді тігуді қолға алады.
Бала кезімнен тігінді жақсы көретінмін. Бірақ оқуға мүмкіндік болмады. Өзім 2-ші топтағы мүгедекпін. Осы орталық тегін тігін үйретіп жатқанын біліп, келдім. Алдымен жаңа туған сәбидің бас киімін тіктім. Тәлімгерлердің үйрету тәсілі ұнады. Мұндай орталықтың барына қуаныштымын, - дейді орталықтың алғашқы оқушыларының бірі мүмкіндігі шектеулі ана Тыныш Жақыпова.
«Аналар үндестігі» бала тәрбиесі, қыз-келіншектерді ортаға бейімдеу бағытында қоғамдық жұмыстар жасайды.