Анадолы өркениеттер музейінде «Алтын адам» таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропаның ең үздік деп табылған Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі салтанатты рәсіммен ашылды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат өкілдері үшін баспасөз отырысы өтті. Жиында көрме жайлы ақпарат беріліп, іс-шараның маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркияның бас музейлері арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.
«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.
Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды. 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.
«Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрме жобасының бауырлас Түркияға келіп жеткені баршамызды ерекше қуантып отыр. «Ұлы дала тарихы және мәдениеті» атты осы көрме арқылы ұлтымыздың баға жетпес қазынасын тамашалаудың таптырмас мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осы іс-шара арқылы түрік көрерменінің де қазақтың бай тарихи және мәдени мұрасымен танысып, тәнті боларына күмәнім жоқ», - деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің негізгі көздеген мақсатын атап өтті.
«Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрменің мақсаты Еуразияның Ұлы Дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейін қалыптасқан тарихи-мәдени мұраны бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Македония музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. Көрме 2019 жылдың соңына дейін тағы да екі елінде көрерменге жол тартады.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 200-ден астам зат ұсынылды. Көрмеге қойылған жәдігерлер Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін, бұрынғы дәуірдің есімдері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі.
Айта кеткен жөн, Анадолы өркениеттер музейі - 1921 жылы ел көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен құрылған. Тарихи экспонаттарының саны тұрғысынан Түркияның ең үлкен екінші мұражайы болып табылады. Бүгінде мұнда әртүрлі кезеңге тиісті 200 мыңға жуық тарихи жәдігерлер сақталған. 1997 жылы Еуропаның ең үздік музейі деген атақ берілген. Тарихи мұражайға айына шамамен 50 мыңнан астам жергілікті және шет елдік туристер тұрақтайды.
Айтулы шараға Түркия Республикасы мәдени құндылықтар және музейлер басқармасы директорының орынбасары Сейіт Ахмет Арслан, ҚР Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Ұлттық музейі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.