Anadolu Ajansı: ЖИ – журналистиканы жоятын емес, күшейтетін технология

Түркияның Anadolu Ajansı агенттігінің стратегиялық коммуникациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері (Strategic Communications & Foreign Relations Manager Anadolu Ajansı) Білгехан Өзтүрк медиа индустриясында жасанды интеллектті қолдану тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикердің айтуынша, жасанды интеллект журналистер үшін бәсекелес емес, кәсіби жұмысты күшейтуге мүмкіндік беретін технология.

Жасанды интеллект журналистикаға бірқатар жаңа сын-қатер әкелгені рас. Бірақ маңыздысы – сол өзгерістерге қалай жауап беретіміз. Біз ЖИ-ды журналистиканы алмастыратын күш ретінде емес, оны күшейтетін құрал ретінде қабылдап отырмыз, – деді Өзтүрк Astana Media Week апталығының кулуарында берген сұхбатында.

Спикердің сөзіне сүйенсек, түркиялық генттік жаңа технологияларды тек пайдаланумен шектелмей, ЖИ өнімдерін өз ішінде әзірлеуге кіріскен. Спикердің айтуынша, Anadolu Ajansı классикалық медиа компаниядан біртіндеп медиа технология компаниясына айналып келеді.

Осы бағытта агенттік арнайы AA Teknoloji құрылымын құрған. 

Сонымен қатар медиа технологияларын дамытуға арналған хакатондар өткізіп, ЖИ негізіндегі шешімдер жасап жатыр.

Жасанды интеллект өте жаңа әрі күрделі технология. Онымен қалай жұмыс істеу керек, этикасы қандай болуы тиіс – бұл сұрақ әр елдің медиа саласы үшін өзекті. Сондықтан біз ИИ қолданысына арналған этикалық және жауапты пайдалану жөніндегі нұсқаулық әзірлеп, барлық медиа серіктестермен бөлістік, – деді Білгехан Өзтүрк.

Айта кетейік, бұған дейін Astana Media Week 2025 аясында “Qazcontent” "Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы" атты панельдік сессия ұйымдастырған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы