Қан бер де – жан бітір
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы қан орталығына 270 мың адам, оның ішінде осы орталыққа 40 мыңға жуық адам қан тапсырған. Тапсырылған донорлық қан 81 547 адамның өмірін ажалдан арашалап қалған. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында донорлық және қан өткізу қауіпсіздігіне арналған баспасөз турында айтылды.
Бүгін БАҚ өкілдері, қаланың медициналық ұйымдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған ашық есік күні барысында ТҒӨО зертханасының жұмысымен танысып, трансфузиялық терапия қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауаптар алды. Баспасөз турының шеңберінде донорлық қанды алу, өңдеу, қан жинау кезеңдері мен тестілеу және оның компоненттерін сақтау жүйесі көрсетілді.
Былтыр 270 000 адам қан доноры болған
«Құрметті әріптестер мен шақырылған қонақтар. Жалпы алғанда елімізде 18 қан тапсыру орталығы бар. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы – жетекші орталық болып саналады. Өткен жылы қан орталығына 270 мың адам, оның ішінде осы орталыққа 40 мыңға жуық адам қан тапсырған. Тапсырылған донорлық қан 81 547 адамның өмірін ажалдан арашалап қалған. Донорлық қанның 37% донорлық қан хирургиялық ота жасалған адамдарға, 36% терапиялық науқастарға, негізінен онкологиялық науқастарға, 14% онкологиялық дертке шалдыққан балаларға, 13% акушерлік-гинекологиялық аурулармен ауыратын адамдарға берілген. Донор болғандардың 86%-ы қанды қайтарымсыз түрде берген. Донор болу өзгенің өмірін құтқарып қана қоймайды, бұл дегеніміз – жүрек пен қантамырлары ауруларының, иммундық және ас қорыту жүйесі, бауыр мен ұйқы безі қызметі бұзушылықтарының алдын алу», - дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
«Студент кезімнен қан доноры болдым»
Шараға қатысқан ДДСҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Олег Честнов студент кезінен донор болып келе жатқанын айтты.
«Мен студент кезімнен бастап қан доноры бола бастадым. Ол кезде қан тапсырғаннан кейін шоколад беріп, бір күн сабақтан қалуға мүмкіндік беретін. Қазақстандықтар алаңсыз ұйықтауларына болады, себебі донорлық қанмен толық қамтамасыз етілген. Бұл жерде ресми түрде алғыс айтып тұрғым келмейді, себебі бұл – бар жан-тәнімізбен беріліп жұмыс істейтін бөлік. Жүрексіз адам донор бола алмайды. Қазіргі уақытта мен гипертония дертімен ауырам, сол себепті қан доноры болу өзім үшін де пайдалы», - деді ол.
Қан доноры болған адамға қазіргі уақытта да екі күндік демалыс беріледі.
Донор болу – кәсіп емес
Баспасөз турына ҚР алғашқы денсаулық елшісі, грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко қатысты. Оның айтуынша, адамдардың көбі донор болуға ұмтылуы қажет, өйткені күн сайын мыңдаған адамдар өмірлік айғақтары бойынша донорлық қанға мұқтаж болуда.
«Донорлық – бұл кәсіп не жұмыс емес, бірақ донорлар қаншама өмірді құтқару үшін өз үлестерін қосуда. Сол үшін де, «донор» сөзі, "donare" латын тілінен алғанда «беру» дегенді білдіретіні бекер емес», - дейді ол.
ТҒӨО директоры Сәния Әбдірахманова өндірістік қызметте қолданылатын зертханалық тестілеу және донорлық қанды қайта өңдеу технологиялары АҚШ пен Еуропада қолданылатын шетел аналогтарынан кем емес екендігін айтты.
«Халықаралық стандарттарды тиімді енгізу ерікті түрдегі ақысыз қан донорлығын дамыту бойынша қызметтің негізгі көрсеткіштерін жақсартуға, 2013 жылдан бастап заңнамалық негізде міндетті түрде екі әдіспен (ИФА+ПЦР) жүргізілетін трансфузиялық инфекциялардың бар-жоғына донорлық қанға зертханалық скрининг жасау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді. 2010 жылдан бастап орталық базасында қанды зертханалық диагностикалауда жабық типтегі автоматты талдамалық жабдықты толығымен қолданатын екі кезеңдік скрининг қолданылады, бұл донорлық қанды диагностикалаудағы қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Сәния Әбдірахманова.
«Донорлық – психикалық денсаулыққа жақсы ықпал етеді»
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған көшпелі донорлық акция барысында Министрліктер үйінде орналасқан ұйымдардың 40-тан астам қызметкері, олардың ішінде 20-дан астам ҚДСҰО-ның қызметкерлері қан тапсырды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Уәлихан Ахметов сау қанды құюдың көмегімен ғана көптеген науқас адамдардың өмірін құтқарып қалуға болатындығын айтты.
«Бүгін таңертеннен бастап мен және менің әріптестерім қан өткіздік. «Өмір тамшысымен» бөлісетін адамдардың саны көп болғанын қалаймыз. Қанды өткізген кезде оның мөлшерін ағза тез арада қалпына келтіреді. Ағзаның эндокриндік және иммундық жүйесі жақсы жұмыс істейді. Жиі қан өткізетін адамдар суық тию және тұмау ауруларымен аз ауырып, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларына сирек шалдығады. Донорлық адамның психикалық денсаулығына да жақсы ықпалын тигізеді», - дейді ол.
Шара барысында мамандар қанның қалай алынатынынан бастап, қандай зертханалық жұмыстар жүргізіліп, қалай сақталатынына дейін көрсетті.
ТМД аумағында тек Қазақстанда ғана донорлық қанды зертханалық диагностикалаудың екі кезеңдік стандарты қабылданғанын атап өту қажет. Қазақстан – донорлық тромбоциттерге компоненттерді 100% инактивациялауды енгізген әлемдегі үшінші ел. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Республикасының қан қызметі ТМД елдері арасында оның дамуы бойынша көшбасшы болып танылуда.
Қан құю гематология, онкология, жан сақтау, хирургия, транплантация, күйік алу, босану бөлімшелерінің пациенттеріне қатты қажет.