ӘМСҚ: Әлеуметтік мәні бар сырқаттарға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік мәні бар сырқаттармен ауыратын азаматтардан сұрақтар жиі түседі. Соған байланысты қор осы пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібі туралы толық түсініктеме дайындады.

Әлеуметтік мәні бар аурулар дегеніміз не?

Бұл аурулар қоғамда кең таралуына байланысты тұрғындар арасында ең көп өлім және мүгедектік тудыратын аурулар қатарына жатады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде оларды диагностикалау мен емдеуге үлкен мән беріледі.

Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулардың бекітілген тізбесіне мына сырқаттар кірді:

- Туберкулез

- Адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру

- Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы

- Қатерлі  ісіктер

- Қант  диабеті

- Психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулар)

- Балалардың церебралды сал ауруы

- Жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай)

- Ревматизм

- Дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы

- Жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары

- Орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары

- Орфандық аурулар.

     Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын азаматтар үшін медициналық көмек нені қамтиды?

Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек диагностикалау, емдеу, динамикалық қадағалау қызметтерін қамтиды.

Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарға (яғни, оларға диагноз қойылған болса және олар өз емханасында әлеуметтік мәні бар ауру бойынша диспансерлік есепте тұрса) негізгі ауруы бойынша медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде көрсетілетінін түсіну (ескеру) маңызды. Осылайша, жүргізілетін терапияны түзету немесе созылмалы аурудың өршуі кезіндегі медициналық қызметтер ТМККК аясында ұсынылады, демек, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болады.

Алайда, диспансерлік есепке қою үшін диагностикалық процедуралар мен мамандардың консультациялары талап етіледі, ондай қызметтер МӘМС пакетіне енгізілген. Осыған орай әлеуметтік мәні бар ауруды анықтау үшін бастапқы диагностика, сондай-ақ басқа ауруларды, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауру расталған кезде ілеспе ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүргізіледі, яғни ол қызметтерді алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет.

      Әлеуметтік мәні бар аурулар  үшін қандай медициналық көмек қарастырылған?  

Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға:

1)  амбулаториялық жағдайларда;

2) стационарлық жағдайларда;

3) стационарды алмастыратын жағдайларда

медициналық көмек көрсетіледі.

          Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріле ме?

Белгілі бір әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын пациенттер ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде:

- туберкулез;

- АИТВ инфекциясы;

- бауыр циррозының сатысын қоса алғанда созылмалы С вирустық гепатиті;

- В вирустық гепатиті;

- қант диабеті;

- онкологиялық аурулар;

- жүректің ишемиялық ауруы;

- жүрек қақпақшасын протездеу;

- психикалық аурулар;

- церебралды сал ауруы;

- реактивті артрит;

- аутоиммунды аурулар мен иммун тапшылығы жағдайында;

- түйіндік полиартрит;

- Альцгеймер ауруы;

- Бехчет ауруы;

- Крон ауруы;

- мукополисахаридоз және басқа да орфандық аурулар бар жағдайларда.

Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар оңалтуға жататын аурулардың тізбесі бойынша жалпы негізде медициналық оңалтудан өте алады.

Оңалту немесе қалпына келтіру емі қызметтерін алу үшін науқас учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Ол оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін анықтау үшін реабилитолог немесе мультидисциплинарлық топ мамандарының консультациясына жібереді. Медициналық оңалту МӘМС пакетіне кіреді, сондықтан оны өту үшін сақтандырылған мәртебесі болу керек, - деп хабарлады "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы