Әмір Омарханов ITF деңгейіндегі алғашқы кәсіби атағын жеңіп алды
Тунистің Монастир қаласында ITF M15 сериясына кіретін ерлер арасындағы халықаралық турнир аяқталды. Финалда 18 жастағы қазақстандық теннисші Әмір Омарханов Германиядан келген өзімен құрдас спортшы Макс Шёнхаусты (ATP рейтингінде №824) жеңді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тунис турнирінің финалы Қазақстан мен Германияның ғана емес, бүкіл әлемдік жасөспірімдер Турының келешегі зор теннисшілері арасындағы айқасқа айналды.
Қазір Макс ITF Junior рейтингінде екінші орында тұр. Ал Амир бұған дейін үздік 20-лыққа кіргенімен, соңғы уақытта ATP ұйымдастыратын ересектер турнирлеріне көбірек көңіл бөліп, 92-орынға түсіп қалған.
Екі таланттың тартысы өте шиеленісті өтті және матч толық үш сетке созылды. Алғашқы кезеңде Омарханов 6:3 есебімен басым түсті. Одан кейін Шёнхаус дәл сондай есеппен таразы басын теңестірді.
Шешуші үшінші сетте қазақстандық спортшы 6:4 есебімен алға шықты.
Осылайша, Әмір Омарханов мансабында алғаш рет ITF M15 сериясындағы турнирдің жекелей сыны бойынша чемпионы атанып, жеңіске 2 сағат 6 минут жұмсады.