Америкалықтар «қара жұмада» интернет-дүкендерге рекордтық сома жұмсаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус  пандемиясы кезінде америкалықтар «қара жұмада» интернет-дүкендерден сатып алуға тоғыз миллиард доллар жұмсады. 

Бұл туралы Associated Press Adobe Analytics компаниясының мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылар 100 ірі америкалық сауда желісінің 80-ніне ақпараттық талдау жасады. Өткен жылы АҚШ тұрғындары «қара жұмада» 7,4 миллиард доллар, 2018 жылы 6,2 миллиард доллар жұмсаған. Зерттеушілер қазір көптеген штатта жұмыс істейтін интернет-дүкендерге қызығушылықтың өсуін қарапайым сауда нүктелерінің жұмысына шектеулер енгізілгенімен түсіндіреді.

Америкалықтар сатып алған ең танымал өнімдердің ішінде мобильді құрылғылар мен тұрмыстық техника болған. Сонымен қатар өткен жылдармен салыстырғанда зергерлік бұйымдар мен аяқ киімге деген қызығушылықтың төмендеуі байқалған.

Adobe Analytics бағалауы бойынша, 30 қарашада кибер дүйсенбіде америкалықтар интернет-дүкендерден сатып алуға 10,8-ден 12,7 миллиард долларға дейін жұмсайды. Егер болжам орындалса, бұл да жаңа рекорд болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы