Amazon компаниясының 20 елдегі қызметкерлері «Қара жұма» күні ереуілге шықты
Amazon компаниясының 20 елдегі қызметкерлері жұма күні еңбек жағдайын жақсарту, лайықты жалақы төлеу және ұжымдық келісімшарттарға қол қоюды талап етіп, жаһандық наразылық акциясына шықты. Бұл туралы Euronews пен Sky News басылымдары хабарлады.
Ереуілге Польша, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Бразилия, Оңтүстік Африка және басқа да елдердегі Amazon қызметкерлері қатысты.
«Make Amazon Pay» («Amazon әділ төлем жасасын») атты жаһандық акцияға байланысты компанияның әлем бойынша қоймалары, сұрыптау орталықтары мен кеңселерінің жұмысы баяулаған. Кәсіподақтар мен қоғамдық қозғалыстарды қоса алғанда, 50-ге жуық ұйым «Қара жұма» күнінен «Кибердүйсенбіге» дейін жалғасатын наразылық шараларын үйлестіріп отыр.
Қызметкерлер не талап етеді?
Акцияға қатысушылар жалақыны көтеруді, ұжымдық келісімшарттарды мойындауды және еңбек жағдайын жақсартуды талап етуде.
Германияда ver.di кәсіподағы Amazon компаниясының 11 нысанында ереуіл өткізуге шақырды. Үндістанда кәсіподақтар кемінде 23 жерде наразылық акцияларын ұйымдастырған. Еуропаның кейбір нысандарында қызметкерлер өндірістік көрсеткіштерге байланысты қысымды азайту және компанияның салалық келісімдерге қосылуы үшін жұмысты бір тәулікке тоқтатқан.
БАҚ мәліметінше, қызметкерлердің кейбір талаптары бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бангладеште кәсіподақтар 2013 жылы Rana Plaza ғимаратының құлауынан кейін Amazon компаниясынан еңбек қауіпсіздігі бойынша міндетті келісімдер жасасуды және жалақыны көтеруді талап етіп келеді. Progressive International ұйымының дерегінше, жұмысшылар айына 128 еуро алады. Ал олардың талабы – 220 еуро.
Progressive International ұйымының үйлестірушісі Варша Гандикота-Неллутла өз мәлімдемесінде Amazon қызметкерлерді қатаң бақылау жағдайында азайтып, пайданы арттыруға бағытталған жүйе қалыптастырып жатқанын айтты.
Компания тағылған айыптарды жоққа шығарды
Amazon өкілі Sky News басылымына берген түсініктемесінде компания қызметкерлерге жоғары жалақы, жақсы әлеуметтік жеңілдіктер мен жұмысқа орналасқан алғашқы күннен бастап мол мүмкіндік ұсынатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Amazon әлем бойынша 1,5 миллионнан астам адамды тікелей жұмыспен қамтып отыр. Компания кеңселер мен өндірістік нысандарда заманауи әрі қауіпсіз еңбек жағдайы жасалғанын алға тартады.
Ресми жылдық есеп пен еңбек нарығына қатысты деректерге сәйкес, 2025 жылдың соңында Amazon компаниясында тұрақты және уақытша жұмысшыларды қоса алғанда, 1 миллион 576 мың адам еңбек еткен. Бұл компанияны әлемдегі ең ірі жұмыс берушілердің біріне айналдырады.