Қамауға алынған бас дәрігер: Тоқаев тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Алматыдағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуына қатысты істі заңға сәйкес тексеруді тапсырды. Бұл туралы ол Тwitter-дегі парақшасында жазды. 

«Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым», - деп жазды президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы қайтыс болған науқастың өліміне қатысты істі заңға сәйкес тексеруді тапсырды.

«Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы әкімінің бақылауында», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев қамауға алынған болатын. Екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қолданды. 

Сонымен қатар, қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2019 жылдың 2 қыркүйегінде мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен, ҚР ҚК-нің 317-бабы 3-тармағы (Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби салғырттығы салдарынан адам өліміне әкеп соғу) сәйкес қылмыс жасады деген күдікпен  №4 клиникалық аурухананың реаниматологы Асқар Тұңғышбаевқа қатысты 2 айға қамауға алу шарасы қолданылған болатын.

Алайда Алматыда қамауға алынған қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевқа әріптестері жақтасып, тағылған айтыптың негізсіз екенін алға тартуда.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы