Аманқарағайдағы өрт: Орман шаруашылығы басшысынан 20 млрд теңге өндірілуі мүмкін
Қостанайда істі болып жатқан «Басаман» орман шаруашылығы басшысынан орман өртінен зардап шеккендер 20 миллиард теңгеден астам залалды өндіріп беруге сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Зардап шеккендердің айтуынша, дәл осы орман шаруашылығының басшысы Асхат Жақашев өрттің қаупі жоғары кезді біле тұра, қорғалатын аумаққа бөгде адамдардың еркін кіріп-шығуына мүмкіндік жасаған.
Бүгін Қостанайдағы № 2 соттың ғимаратында Әулиекөл ауданындағы алапат өртке жол берген деп айыпталып жатқан Асхат Жақашевтың соты қайта жалғасты. Бүгінгі сот отырысында осы орман өртінен зардап шеккен жәбірленушілерден жауап алынды. Олардың арасында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері болды.
Айыпталушы өрттің тұтану деңгейінің жоғары екенін біле тұра, қасақана өзі басшылық ететін орман шаруашылығы аумағында бөтен адамдардың еркін тайраңдауына жол берді. Нәтижесінде қарапайым қауіпсіздік ережесі сақталмады. Салдарынан 39 мың гектар орман алқаптарын тілсіз жау жалмап, күлге айландырды. Бір адамның ойланбай істеген әрекетінен мемлекетке 18 млрд теңгеге залал келтірді. Оны біз осы айыпталушыдан мемлекет бюджетіне өндіріп алуды сұраймыз, - деді «Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ өкілі Наталья Ляпина.
Осы тұста ісі болып жатқан «Басаман» орман шаруашылық басшысының қорғаушылары тарапынан Жақашев өрттің тұтануының қауіпті кезеңінің басталуы туралы бұйрық шығаруға міндетті болды ма деген сұрақ туындады.
Еліміздегі орман шаруашылықтары Табиғи ресурстар басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары болғандықтан, өрт қауіпті кезеңнің басталуы туралы қаулыны олар шығаруы керек қой. Және оны орман шаруашылықтарына осы мекеме таратып беріп, тапсырма жүктейді. Солай емес пе?, - деді Асхат Жақашевтың қорғаушысы Сабыржан Иманбаев.
Осы сауалға жәбірленуші тараптың өкілі нақты жауап бере алмады. Жауапты келесі сот отырысына дайындап әкелуге уәде берді. «Басаман» орман шаруашылығын техникамен жабдықтау мәселесі де ашық күйінде қалып отыр.
«Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі де өрттен келтірілген залалды өтеу туралы талап арызын берді.
Әулиекөл ауданының аумағында тілсіз жаудың салдарынан тұрғындардың баспанасы мен мал-мүліктері тұтас жанып кетті. Осы келеңсіздікті жою үшін тұрғындарға жаңа үйлер, көше жолдарын салуға және коммуникациялар жүргізуге республиканың төтенше жағдайлар қорынан 2 млрд 485 млн 342 мың теңге жұмсалды. Бұл ақшаны айыпталушы Асхат Жақашевтан мемлекет бюджетіне өндіріп беруді сұраймыз, - деді жәбірленуші тараптың өкілі Динара Ихласова.
Ал бұған айыпталушының қорғаушылары үзілді-кесілді қарсы болды.
Олардың сөзінше, табиғат апатының тосын мінезін бір адамның мойнына артып қоюға болмайды екен. Сондай-ақ мемлекеттен бөлінген қаражат бойынша келесі сауал туындады.
Бұл соманың қанша бөлігі коммуникациялар мен көше жолдардың құрылысына жұмсалды? Өртенген орман мемлекеттің балансында болды. Бірақ Асхат Жақашев не үшін өтемақы төлеу керек? Біз мұнымен келіспейміз, - деді адвокат Сабыржан Иманбаев.
Алдағы сот отырысында жәбірленушілерден Асхат Жақашевтың іс бойынша жауап алу жалғаспақ, содан кейін сот куәгерлерден жауап алуға көшеді.
Естеріңізге сала кетейік, сот отырысында «Басаман» жеңіл шаруашылығының басшысы Асхат Жақашевтың ісі қаралып жатыр. Ол қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланды деп айыпталып отыр. Айыпталушының іс-әрекетінің салдарынан тағылған айып бойынша, Аманқарағайда өрт болып, мемлекетке жалпы сомасы 22,1 млрд теңге залал келтірген.