Жұмабай Шаштайұлы 70 жасқа толды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін облыс əкімі Амандық Баталов Жамбыл ауданына барып, белгілі қаламгер, жазушы Жұмабай Шаштайұлын 70 жасқа толған мерейлі тойымен құттықтады. Жазушыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау телеграммасын табыстап, ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлады Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.
Құрметті Жұмабай Шаштайұлы! 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз осы мерейлі жасқа еліміздің руханият саласын өркендетуге сіңірген еңбегіңізбен, оқырмандарға сыйлаған тартымды туындыларыңызбен келіп отырсыз. Айтулы азамат, қарымды қаламгер ретінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарып, бірқатар республикалық басылымдарға басшылық жасап, қазақ баспасөзін дамытуға мол үлес қостыңыз. Алдағы уақытта заман ағымына өз үніңізді қосып, əдебиет əлемінде мол табыстарға жетіп, жаңа шығармаларыңыз жарыққа шығып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін, - делінген Президент құттықтауында.
Облыс əкімі Жетісу жұртшылығының атынан қаламгерге шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тіледі.
Еске салсақ, Жұмабай Шаштайұлы - жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты, Халықаралық Жамбыл атындағы жəне «Алаш» сыйлықтарының иегері, Алматы облысының тумасы. Республикалық БАҚ-тарда қызмет атқарған. «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» кітаптарының авторы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстандық жасөспірім ел намысын халықаралық байқауда қорғайды
Өзгелердің жаңалығы