«AMANAT» Перизат Қайраттың ісіне қатысты мәлімдеме жасады
«AMANAT» партиясы Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының жұмысына қатысы бар деген ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты, «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын (толық атауы: «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ) және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін түсіндіре кету қажет деп санаймыз, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, биыл сәуір айында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты су тасқыны кезеңінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді.
Белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымы, соның ішінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты.
Еске салсақ, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде. Министр Аида Балаева Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірген еді. Жалпы күдікке ілініп отырған Перизат Қайрат кім екені туралы сілтеме арқылы өтіп оқи аласыздар.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.