AMANAT партиясы жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуды қолға алды

Астанада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Жас көшбасшылар платформасы» жобасы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

18-19 желтоқсан күндері өтетін іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген 150 белсенді жас қатысуда.

Жиын басында сөз алған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек іс-шараның маңыздылығына тоқталып, болашақта ел тізгінін қолға алатын көшбасшылардың қарым-қабілетін жан-жақты дамыту, оларға қолдау көрсету партияның негізгі мақсаттарының бірі екенін атап өтті.

Партиямыздың «Жастар Рухы» жастар қанаты Мемлекет басшысының бастамаларын әркез қолдап келеді. Партия өз жұмысында «Жастармен бірге!» қағидасын басшылыққа алады. Осы орайда, біз Жас көшбасшылар платформасын құрдық. Еліміздің барлық өңірінен келген жас көшбасшылар осы Платформа арқылы тың идеялары мен жобаларын жүзеге асырып, оны бүкіл ел аумағына таратуды үйренеді. Қазірдің өзінде іске асырылған жобаларымыз бар. Мәселен, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында еліміздің 5 өңірінде road-эстафета өтіп, нәтижесінде «Астана-Алматы» тас жолы қоқыстан тазартылды. Мұндай жобалар жастарымызды жұмылдыра түсеріне сенімдімін, – деді ол.

«Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, «Жас көшбасшылар платформасы» жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, қоғамдық-саяси салаға қызығушылығы бар белсенділерді қолдауға бағытталған. Жоба аясында қатысушыларға оқыту сессиялары, команда құру тренингтері және ашық диалог алаңдары ұсынылды. Жастар «саяси талдау», «фактчекинг», «эмоционалды интеллект және команда басқару» сияқты маңызды бағыттар бойынша білімдерін жетілдіруде.

Бұл платформа – «Жастар Рухы» мүшелері үшін ерекше мүмкіндік. Қазіргі таңда 125 мыңнан астам жасты біріктіріп отырған ұйымымыз нақты бастамаларымен көзге түсіп келеді. Біздің белсенділер еліміздегі өзекті мәселелерді шешуде үнемі алдыңғы шептен көрініп жүр. Бүгінгі оқыту алаңы да жастардың бойында көшбасшылық дағдыларды дамытып, оларды ел болашағына қызмет етуге дайындауды көздейді. Екі күндік оқудан кейін жастар жаңа тәжірибе жинап, тың идеялармен оралады деп сенемін, – деді Ақерке Искандерова.

Бұл бастама жазда Түркістан облысында өткен республикалық жастар саяси лагерінде көтерілген болатын. Оқытуға 18 бен 25 жас аралығындағы «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, бөлімше жетекшілері қатысып жатыр. Қатысушылардың орташа жасы – 21-де. Оқуға келгендердің 51%-ын ерлер, 49%-ын қыздар құрайды.

Мұндай шараның біз үшін берері мол. «Жас көшбасшылар платформасы» арқылы жаңа білім алып қана қоймай, еліміздің әр аймағынан келген жастармен танысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл білімді болашақта қоғамдық қызметте қолданатынымызға сенімдімін, – деп өз әсерімен бөлісті қатысушылардың бірі Динара Молдатай.

Отырыс барысында ашық әңгіме өрбіді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: amanatpartiasy.kz
Өзгелердің жаңалығы