«Аманат» азаматтық платформасы 18 заңбұзушылықты анықтаған
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. «Аманат» азаматтық платформасы бүгінгі кезектен тыс президент сайлауының аралық қорытындысын жариялады.
Платформа жетекшісі Мұрат Әбеновтің айтуынша, топ атынан 10145 бақылаушы сайлау учаскелерінде 1,5 ай бойы жұмыс істеген.
«Талай сайлауды көріп келеміз. Биылғысы ерекше болды. Азаматтардың саясатқа қызығушылығы артқанын байқадық. Сын көзбен қарайтын адамдарды көп кездестірдік. Негізі біз заңбұзушылықтарды көзге шұқып көрсетуден бұрын, оның себептерін анықтап, алдағы уақытта болдырмаудың жолын қарастырдық. Кемшіліктер мен заңбұзушылықтар болды. Әлі де жинақтап, топтастырып жатырмыз. 18 күрделі заңбұзушылық анықтадық. Бюлетендерді топтап салуда 8 оқиға тіркелді. Сондай-ақ, 165 ауызша ескерту жасалып, сол сәтте жойылды» - деді ол.
Азаматтық платформа мүшесі Шыңғыс Лепсібаев бюлетендерді топтап тастау деректері Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында орын алғанын айтты.
Платформаның тағы бір мүшесі Әкім Тұрсын аталмыш заңбұзушылықтар дер кезінде анықталып, жолы кесілгенін жеткізді.
«Біз анықтаған деректердің барлығында бюлетендердің топтап тасталуына жол берілген жоқ. Ол оқиғалар бойынша да акт толтырылып, құзырлы органдарға берілді. Егер заңсыздықтар дәлелденсе, ол адамдар заң алдында жауап береді», - деді Әкім Тұрсын.
Азаматтық платформа өкілдері бұл мәліметтердің барлығы аралық қорытынды екенін атады. Жалпы сайлау күніндегі жұмыстардың толық қорытындысы ертең жарияланбақ.