4 Қазан 2026, 05:28 Фото: Shutterstock

Алжирде орман өртегендер мен бала ұрлағандарға өлім жазасы енгізілді

Заң жобасын парламенттің төменгі палатасы спикер Халида Буфдештің төрағалығымен өткен пленарлық отырыста қолдады.

Алжир парламенті Қылмыстық кодекске өлім жазасын орманды қасақана өртегендер мен балаларды ұрлағандарға да қолдануды көздейтін түзетуді көпшілік дауыспен мақұлдады.

Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.

Заң жобасын парламенттің төменгі палатасы спикер Халида Буфдештің төрағалығымен өткен пленарлық отырыста қолдады. Бұл жаңа парламенттік сессияда депутаттар мақұлдаған алғашқы бастама болды. Заң жобасы тамыз айындағы орман өрттерінен кейін президент Абдельмаджид Теббунның тапсырмасымен енгізілген.

Құжатқа сәйкес, өлім жазасы ормандар мен алқаптарды қасақана өртеген, сондай-ақ мемлекеттік немесе жеке меншік мүлікті шетелдік тараптардың мүддесі үшін мемлекеттік сатқындық, тыңшылық немесе ұйымдасқан қылмыс аясында жойған адамдарға қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке, ұлттық бірлікке немесе экономикалық және экологиялық тұрақтылыққа нұқсан келтіруге әрекет жасағандарға да өлім жазасы қарастырылған.

Балаларды ұрлауға қатысты жеке норма енгізілді: баланы кез келген түрде ұрлағаны үшін өлім жазасы қарастырылады.

Бұл қылмыстар үшін өлім жазасын енгізу – осындай әрекеттерді тежеуге бағытталған тиісті құқықтық жауап, – деді дауыс беруден кейін Әділет министрі Лотфи Буджемаа.

Оның айтуынша, Алжирдің сот жүйесі айыпталушылардың құқықтарына кепілдіктерді сақтайды. Оларға сот процесінің барлық кезеңінде адвокаттың қатысуы, психиатриялық сараптама және шағымдану құқығы беріледі. Сот үкіміне апелляциялық сотта, кейін Жоғарғы сотта дау айтуға болады.

Заң сондай-ақ орман өрттері мен балаларға қарсы қылмыстар бойынша сотталғандарға қатысты жеңілдететін мән-жайларды ескеруге мүмкіндік бермейді.

Енді құжат парламенттің жоғарғы палатасының қарауынан өтіп, президенттің қол қоюына жіберілуі тиіс.

Алжир заңнамасында бірқатар қылмыс үшін өлім жазасы сақталғанымен, оны орындауға 1993 жылдан бері мораторий қолданылып келеді.