Алюминий зауыты қалалық саябақ аумағына заңсыз үй салмақшы болған

Павлодар облысында "Қазақстан Алюминийі" АҚ-на екі көппәтерлі тұрғын үй салу үшін жер беру дерегі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңға қайшы әрекетті облыстық прокуратура қызметкерлері тіркеді. 

Құзырлы орган мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін беру бойынша тұрақты бақылау жүргізеді. 1,2 га болатын жер аумағы "Металлург" саябағында орналасқан. Екі жыл бұрын бұл екі учаске саябақ аумағынан бөлініп алынып, кейін Алюминий зауытына заңсыз ұсынылған. Бұл жұмыспен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандары айналысты. Жерлер детальді жоспарлау мен қаланың бас жоспары бойынша парк зонасына жатқызылған және тұрғын үй салу мақсатында жекенің қолына беруге және құрылыс жұмыстарын жүргізуге жатпайды, - облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Дастан Сәкенов.

Екі учаскені заңсыз беруге атсалысқан тұлғалар қазір салада жұмыс істемейді. Себебі, лауазымды шенеуніктер заңсыздыққа жол бергендері үшін қызметтерінен босатылды. Бүгінгі күні қадағалау орган өкілдері рұқсат құжаттардың заңдылығын жойып, саябақ аумағы мемлекеттік коммуналдық меншікке қайтарды. 

Облыстық прокуратура осы дерек бойынша тергеу амалдарын жүргізген жоқ. 

Айта кетейік, "Металлург" паркі осыдан жеті жыл бұрын реконструкциядан өтіп, жаңарту жұмыстарына демеушілер 300 млн теңге бөлген. Жалпы аумағы 12,5 гектарды алып жатқан жасыл аймақта балалар ойын алаңдары, шағын футбол алаңы мен өзге де спорт түрлеріне арналған жерлер орналасқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы