Алыс өңірлердегі мүгедектігі бар жандарға көмек барынша көрсетілуі керек - депутат
Бұл туралы Парламент мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін елімізде мүгедектігі бар жандар күні деп жарияланған болатын. Бірақ мен бұл күнді мүгедектігі бар жандарды қорғау күні деп айтар едім. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында мүгедектігі бар жандарды қорғау, оларға көрсетілетін көмекті ұлғайту керегін әрдайым айтып, нақты тапсырып келеді. Өкінішке қарай, елімізде күннен-күнге мүгедектігі бар жандар көбейіп жатыр, - деді депутат.
Серіков атап өткендей, елімізде 720 мыңнан астам мүгедек жан бар, оның 62 пайызы еңбекке қабілетті жастар.
Бірақ бізбен сіз болып, ел болып, осы азаматтардың өмірге деген құлшынысын, сенімін арттыру үшін көптеген жұмыс атқаруымыз керек. Тек қалалық жерлерде ғана емес, сонымен қатар алыс өңірлердегі мүгедектігі бар жандарға көмек барынша көрсетіліп, жағдай жасалуы керек, - деп айтты депутат.
Депутат дүгінде Парламент қабырғасында инклюзивті Парламент құрылғанын атап өтіп, ондағы негізгі жұмыс заң аясында мүгедектігі адамдарды қорғау екеніне тоқталды.
Ол үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Өзім де әр депутаттық сауалымда осы мәселелерді билікке жеткізудемін. Себебі әрбір мүгедек жан өздерін толық сезінуі керек. Мемлекет тарапынан үлкен көмек болып тұрса, оларда ертеңгі күнге деген сенімдері артпақ.
Қазақстанның әр өңіріндегі, тағдырдың қиындығына мойымай алға қадам басып жүрген жандарға зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін! Аман болыңыздар, аман болайық ағайын! - деп айтты Мәжіліс депутаты.