Алыпсатарлар мен билетсіздерге қарсы күрес шаралары күшейтілді – ҚТЖ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерінен құралған мобилдік тобы Қазақстан бойынша теміржол вокзалдарында күн сайын рейд жүргізуде.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл билетсіз жолаушылармен және билет сатып алып сатушылармен күреске бағытталған шараның бірі.

Рейдте магистралдық желі бөлімшелерінің, әскериленген теміржол күзетінің, арнайы қызметтің және өзге де органдардың өкілдері қатысуда. «Оңтүстік» өңірлік филиалының жол жүру құжаттарын сату бойынша бөлім басшысы Сұлушаш Бекбасованың сөзіне қарағанда, мобилдік топқа кіретін олар күн сайын бірнеше рет Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарын аралап, жылжымалы кесте бойынша отырғызу кезінде жолаушылар билеттері мен құжаттарын тексереді.


«Осы жылдың 29 шілдесіндегі рейд барысында біз заңсыз билет сатып алып сатып жүрген 6 тұлғаны әкімшіліктік жауапкершілікке тарттық. Шымкент станциясында 4 тамызда билет сатып алып сатушы ұсталды. Мен 22 жылдан астам билет сату саласында жұмыс істеймін және билет сатудың жаңғыртылған жүйесі өзін жақсы жағынан көрсете білгендігін атап өткім келеді. Оның үстіне «Күту парақшасы» сияқты сервис пайда болды, уақыт өте сатып алып сатушылар келмеске кетеді, деп ойлаймын», - деді Сұлушаш Бекбасова.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қоғамдық талқылау тудырған фактілер бойынша шаралар қабылдап, теміржол саласындағы проблемаларды шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы