Ғалымдар коронавирусқа қарсы жаңа вакцина ойлап тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гонконг ғалымдары коронавирусқа қарсы жаңа вакцина ойлап тапты, бірақ оны сынақтан өткізу үшін көп уақыт қажет екенін айтады. Бұл туралы Гонконг университетінің микробиологы хабарлады, деп жазады Massaget.kz. 

Біз вакцинаны жасап шығардық, бірақ оны жануарларға сынап көру үшін уақыт керек, – дейді  профессор Юэн Квок-Юнг.

 Ғалымның айтуынша, жаңа дәріні жануарларға сынап көру үшін бірнеше ай, ал адамдарға тәжірибе жасау үшін бір жыл қажет.  Гонконг ғалымдары коронавирустың беткі антигендерінің бір бөлігін тұмауға қарсы вакцинаға қосып өзгерткен. Осылайша, жаңа вакцина тұмауға да, пневмонияны тудыратын жаңа коронавирусқа да қарсы тұра алады.

Шанхайдағы Тунцзи университетіндегі Dunfan ауруханасы мен Қытайдың Стермина биотехнологиялық компаниясы коронавирусқа қарсы mRNA-вакцина жобасын мақұлдағанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Джонсон & Джонсонның (J&J) бас ғылыми қызметкері Пол Стоффелс коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын және жақын уақытта дайын болатынын айтқан болатын.

Айта кетейік, Қытай үкіметі 2019-NCoV штамы адамнан адамға берілуі мүмкін екенін ресми мойындады. Қазіргі сәтте өткен жылдың желтоқсан айында басталған коронавирус пандемиясын 5974 адам жұқтырған. Оның 132-сі қаза тапқан. Қатерлі вирусты жұқтырғандар Гонконг, Тайвань, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Франция, Германия, Непал, Аустралия және Малайзия елдерінде тіркелген.

Қытай билігі 2019 жылы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз вирустың тарай бастағанын хабарлаған. Мамандар Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеп, вирустың қайнаркөзі сол базарда сатылған жабайы жануарлар болғанын анықтаған. Алайда әзірге коронавирустың нақты қайдан пайда болғаны туралы ақпарат жоқ. Мамандар қауіпті вирус 2017 жылы Ухань қаласында әлемдегі ең қауіпті вирустар мен патогендерді зерттеуге арналған Ұлттық биоқауіпсіздік зертханасынан шығуы мүмкін екені немесе адамға жұғатын қабілетке ие болған вирус жыланнан адамға берілген деп топшылап отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы