Аляскада энергетикалық дағдарыс қаупі төніп тұр

АҚШ-тың Аляска штатында энергетика саласында дағдарыс қаупі күшейді. Штаттың ең ірі қаласы Анкоридж алдағы жылдары жарықсыз қалуы мүмкін. Бұған Кук шығанағындағы газ қорының сарқылуы себеп болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

New York Times басылымының жазуынша, бұрын Аляскада газ молынан болатын. Ол үйлерді жылытуға, электр энергиясын өндіруге ғана емес, сонымен қатар шетелге танкерлермен отын экспорттауға да жеткілікті еді.

Қазір бұрғылау компанияларының көбі кеткен, ал Кук шығанағындағы газ қоры азайып барады. Сарапшылар мен билік өкілдері жақын арада Анкориджді жарықпен қамтамасыз етуге ресурс жетпей қалады деп алаңдаулы, – делінген мақалада.

Жалпы, басылым дерегінше, Аляска газ дағдарысының алдында тұр. Бұл мәселеге 15 жылдан астам уақыт бұрын назар аударылғанымен, әлі күнге дейін нақты шешім жоспары жасалмаған. Штат экономикасының негізі мұнай мен газға сүйенетінін ескерсек, жағдайдың ушығуы қауіпті.

Жергілікті коммуналдық қызметтер 2028 жылдан бастап шетелден газ сатып алуға мәжбүр болатынын болжауда. Бұл өз кезегінде электр энергиясы мен жылудың 10-40 пайызға қымбаттауына әкелуі ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы