Аляска саммиті: Трамп пен Путин келіссөзі жалғаса ма?

15 тамыз 2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Анкоридждегі Joint Base Elmendorf–Richardson әскери базасында кездесті. Кездесу Украинадағы соғысты тоқтату мақсатына бағытталды, бірақ бітім туралы нақты келісім шықпады. Қырғынды тоқтататын мәмілеге қол жеткізілмеді. Трамп кейін "Украина мәмілеге келуі керек" деп мәлімдеді.

BAQ.KZ тілшісі кездесудегі өзге де сәттерге шолу жасап көрді.

 

Күн тәртібінде не талқыланды?

Украинадағы соғыс және бітім шарттары. Келіссөздер соғысты тоқтату мен қауіпсіздік кепілдіктерін талқылауға құрылғанымен, нақты не айтылғаны жария етілмеді.

АҚШ – Ресей арасындағы қарым-қатынас, санкциялар мен әскери тәуекелдерді азайту мәселелері күн тәртібінде болды деген болжам басым, алайда ресми құжат әзірге жоқ.

 

Формат және символика

Саммиттің Аляскада өтуі — географиясы жағынан Ресейге жақындығы және тарихи контексті бар таңдау. Кездесу әскери база аумағында өтті — бұл да оқиғаның салмағын арттырса да, кей сарапшылар мен саясаткерлер жағынан оптика үшін сынға ұшырады.

 

Қатысушылар ұстанымы

АҚШ: Ақ үй бітімге итермелеуге тырысты, бірақ жедел нәтижеге қол жеткізе алмады. Саммиттен кейін Трамп жауапкершілік ауыртпалығын Киевтің таңдауы мен келісіміне қарай бұрды.

Ресей: Путин «бейбітшілікке жақындайтын түсіністік бар» деген сигнал берді, бірақ оқ атуды тоқтату туралы келісімге келмеді.

Украина: Зеленский Трамппен 18 тамызда Вашингтонда егжей-тегжейін талқылайтынын мәлімдеді; Киев үшжақты форматты да қолдайтынын білдірді.

Келесі қадам: Владимир Зеленский 18 тамызда Вашингтонда Трамппен кездеседі.

 

АҚШ ішіндегі реакция

Вашингтонда саммиттен нақты нәтижесіз оралғаны үшін сын күшейді.

Вашингтонда қатқыл сын басым: «қызыл кілем», «нәтижесіздік», «бұлтартпас келісімсіз қол алысу» тәрізді бағалар айтылды. Бірқатары «дипломатияны сынау қажет еді» десе, басым пікір – айқын шарттарсыз саммиттің тиімділігі төмен болды дегенге саяды.

 

Алда не күтіледі?

Трамп президенттігі кезінде АҚШ Ресейге қарсы бірде-бір жаңа шектеу пакетін енгізген жоқ: олар «Үлкен жетіліктің» басқыншылықтың жылдығына орай қабылдаған ақпан айындағы санкциясын да, Ұлыбритания енгізген жаңа шектеулерді де, Еуроодақ шілдеде бекіткен ресейлік мұнайға баға шегін төмендету шарасын да қолдамады.

Америкалық демократтар бұл жағдайға уытты пікір білдіріп, Трамп «Ресейдің Киевке жасаған соққыларына әлеуметтік желідегі жазбамен ғана жауап берді» деп кекетті. 

Кездесу қорытындысында Трамп Ресейге де, оның сауда серіктестеріне де жаңа санкциялар енгізуді әзірге жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Дегенмен Путинмен кездесуге бара жатқан ұшағында ол: «Егер бітім болмаса, мен разы болмаймын» деп айтқан еді.

Үш сағаттық келіссөзден кейін Трамп Вашингтонға еш нәтиже шығара алмай қайтты. «Келісім тек оған қол жеткізілгенде ғана бар», – деді ол кездесу қорытындысында. Мұны олардың Путинмен атысты тоқтату жөнінде осы жерде, дәл қазір мәмілеге келе алмағанын мойындауы деп түсінуге болады. «Әзірге біз оған жеткен жоқпыз, – деп қосты Дональд Трамп.

Кездесуден кейін Трамп Fox News арнасына сұхбат беріп, өзінің ұстанымын сәл түсіндірді. Оның айтуынша, Путин «мәселені шешкісі келеді», ал Ресей мен Украина мәмілеге жақын. Бірақ ол мәміленің нақты шарттарын да, Путиннің неден бас тартуға дайын екенін де айтпады.

Соған қарамастан, Трамп: «Енді сөз Украина президенті Зеленскийде» деді. Ал АҚШ президентінің өзі Путин мен Зеленскийдің кездесуін келесі аптада ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. 

Қазір олар (Ресей мен Украина ред.) президент Зеленский мен президент Путиннің кездесуін ұйымдастырмақ. Тіпті мен олардан оны сұраған да жоқ сияқтымын. Менің ол жерде болғым келген жоқ, бірақ оның жүзеге асқанына көз жеткізгім келеді, – деді Трамп.

Бұл сөздерінен кездесуді кім ұйымдастыратыны — Мәскеу ме, әлде Киев пе — нақты түсініксіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы