Алтынды бижутерияға ауыстырып, ізін суытқан күдіктілер іздестірілуде

ШҚО полицейлері зергерлік дүкенде алтын сақинаны бижутерияға айырбастап, ізін суытқан күдіктілерді іздестіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Өскеменде сауда орталықтарының біріндегі зергерлік бөлімде қымбат алтын жүзік ұрланды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, шамамен 40–50 жас аралығында еуропалық сырт келбеттегі белгісіз ер адам мен әйел неке жүзігін сатып аламыз деп сатушының сеніміне кірген. Әйел адам бұйымды тағып көріп жатқанда, ер адам сауда орнынан шығып кеткен. Көп ұзамай әйел де белгісіз бағытта кетіп қалған.

Кейін дүкен қызметкерлері құны 200 000 теңгеден асатын алтын жүзіктің сырттай түпнұсқаға ұқсас бижутерияға алмастырылғанын анықтаған. Алмастыру фактісі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарау барысында расталды. Бейнежазбада әшекейдің ауыстырылған сәті анық көрінеді. 

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізілуде, - деп хабарлады Өскемен қалалық ПБ баспасөз қызметі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы