Алтын жүлдеге - 15 мың доллар: Саясат Нұрбек Универсиада жеңімпаздарын марапаттады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысы Универсиада жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімін өткізіп, ел намысын қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.
Универсиада – олимпиада ойындарынан кейін екінші деңгейде тұрған халықаралық ойындар. Ал дамыған мемлекеттерде, соның ішінде бірінші бестікте тұрған Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді Азия елдерінде Универсиаданың орны да, мәртебесі де бөлек. Сіздердің Универсиададағы жеңістеріңіз – болашақ Олимпиада жетістіктеріне жолдама деп сеніммен айта аламыз, - деді министр.
Айта кетерлігі, Универсиадада еліміздің студенттері 10 спорт түрінен: биатлон, шайбалы хоккей (ерлер), шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, шаңғы биатлоны, трамплиннен секіру, коньки тебу спорты, сноуборд, тау шаңғы спорты 78 спортшы қорғады.
Студенттік команда құрамында Қазақстанның намысын 11 жоғары оқу орнының спортшылары қорғады.
АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында студенттік құрама жалпыкомандалық есепте 11-орынға ие болды.
Спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 3 алтын, 4 күміс және 4 қола.
Алтын медаль:
Биатлон – Куралес Вадим, Бекентай Тұрлыбеков
Шаңғымен секіру – Даниль Васильев.
Күміс медаль:
Шаңғымен секіру (команда) – Данил Васильев, Сергей Ткаченко.
Шорт-трек (команда) – Алина Ажғалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Әлішер Абулкатимов.
Биатлон – Александр Мухин.
Шорт-трек (команда) – Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Валерий Клименко, Санжар Жанисов.
Қола медаль:
Биатлон – Александр Мухин
Шаңғы жарысы – 3х5 шақырымдық эстафета (әйелдер) – Айша Ракишева, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина.
Шаңғы жарысы – Ксения Шалыгина.
Шайбалы хоккей – ұлттық құрама (22 адам).
Тағы бір айта кететін жайт, Үкіметтің «Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеуді төлеу және оны қайтару» қағидаларын бекіту туралы» 2020 наурыздағы 27 наурыздағы №152 қаулысына сәйкес, Дүниежүзілік Универсиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне ақшалай ынталандыру сыйақысы беріледі.
Министрдің айтуынша, алтын медаль иегерлеріне – 15 мың доллар, күміс жүлдеге – 10 мың доллар, қола жүлдеге – 5 мың доллар көлемінде төленетін болды. Ал шәкірті жүлде алған әр бапкердің еңбекақысы жоғарылайды.