Ұрының фокусы: Елордада сатушының көзінше алтын ұрлаған қаскөй ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Криминалдық полиция қызметкерлері зергерлік дүкендерді тонаушыны ұстады.

4 қыркүйекте Полиция департаментінің кезекші бөліміне зергерлік дүкеннің иесі белгісіз жігіттің күндізгі уақытта алтын бұйымдарды жымқырғаны жөніндегі арызбен жүгінген.

Жедел іс-шаралар кешенін жүргізу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын қарап-тексеру кезінде күдіктіні таныған. Белгілі болғандай жас жігіт біршама уақыт полицияның назарында болған. Бірқатар жұмыс жүргізу барысында жедел қызметкерлер оның жүрген жерін анықтап, Алматы қаласына іссапарға шығып күдіктіні ұстады.  


«Ұсталған, бұрын сотты болған 26 жасар Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларындағы зергерлік дүкендерден бірқатар тонау жасады деп күдік келтірілуде. Қазіргі уақытта ұсталған адам 5 тонау фактісі бойынша мойындау айғағын берді», - делінген ПД таратқан хабарламада.

Тонауды жас жігіттің тапа тал түсте жасағаны анықталды. Ол зергерлік дүкенге кіріп, сатушының көңілін басқа жаққа аударып, сатушы сөресінен алтын бұйымдарды жымқырып, қашып кеткен. Осылайша, ол елорда 3 млн теңгеге жуық сомаға әшекейлерді жымқырған.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Заттай дәлелдемелер (алтын бұйымдар) ішінара алынып қойылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.         


«Аталған азаматтың заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса Бейбітшілік көшесі, 19 мекенжайында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы ПД-ға жүгінулерін немесе 71-61-51; 71-63-16 не «102» нөмірлеріне қоңырау шалуларын сұраймыз», - делінген ведомство хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы