"Алтын тұлпар" аламан бәйгесіне қатысты баспасөз-мәслихаты өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласындағы «Атырау-ақпарат» ғимаратында 12 қазанда өтетін «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» аламан бәйгесі мен «Дарабоз-2019» турниріне байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға қатысқан БАҚ өкілдеріне ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің ұйымдастырылуы мен Атырау өңірінде өткізілуі себептерінен бастап, алдағы аламан бәйгеге қатысатын атақты жүйріктер туралы ақпараттарды егжей-тегжейлі айтып өтті.
Сонымен қатар ол бұл айтулы ат жарысының Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында, Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамытуды қолдауымен өткізіліп отыр.«12 қазан күні Атырау қаласына таяу Талдыкөл елдімекені аумағында өтетін «Алтын тұлпар» бәйгесінің 2014 жылдан бастап төрт мәрте Нұр-Сұлтан қаласы аумағында өткізілгені баршаңызға белгілі. Өткен жылы ұйымдастырушылар алқасы «Алтын тұлпар» бәйгесін Елорда төңірегінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де өткізген жөн деп шешті. Сөйтіп, бұл бәйге екі жылда бір рет ұйымдастырылатын болды. Биылғы аламан бәйгенің ресми атауы – «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» V республикалық турнирі. Қашықтығы – 51 шақырым. Бас бәйгесі – 10 миллион теңге. Жалпы жүлде қоры – 22 миллион теңге. Алдыңғы келген тоғыз жүйрікке бәйге бар. Қазіргі кезде «Алтын тұлпар» бәйгесі Қазақстанның ең үздік сәйгүліктері қатысатын, айтулы атбегілердің асыға күтетін мерекесіне айналды» - деді ол.
Сонымен қатар ол, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан жарысқа қатысатын бірнеше әйгілі жүйріктердің есімі мен атбегілерін атап өтті."Және осындай аламан бәйгенің өтуіне қолдау көрсеткен «Нұр-Отан» партиясына, партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа шексіз алғысымызды айтамыз» - деді Қауымдастықтың бас хатшысы.
Сондай-ақ, 11-12 қазанда Атырау қаласы күніне орай, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының ұйымдастыруымен, Махамбет ауданы Талдыкөл ауылында «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтеді. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және құнан бәйге, жорға жарысы, құмай тазы жарыстары сынды ұлттық спорт түрлерінен өтетін бұл турнирге Қазақстан және шетел командалары қатысады. Жарыстың жүлде қоры – 32 180 000 теңге. Бұл туралы журналистер қойған сауалдарға орай Атырау облысы ұлттық спорт федерациясының басшысы Асланбек Жанбалаев ұлттық спорт түрлерінен өтетін «Дарабоз-2019» турнирі, Атырау өңіріндегі ұлттық спорттың дамуы жайлы әңгімелеп берді.