29 Тамыз 2023 2023, 11:44 Фото: - архив

«Алтын тобылғы» байқауы жас қаламгерлерді қолдайды

«Алтын тобылғы» әдеби байқауы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Алтын тобылғы» әдеби байқауы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл игі іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі байқау биыл тоғызыншы рет өтеді. Басты мақсат – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау.

Әдеби байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгердің қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады.

Байқау номинациялары:

- «Жылдың үздік прозасы»; 
- «Жылдың үздік поэзиясы»; 
- «Жылдың үздік драматургиясы»; 
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»; 
- «Жылдың үздік киносценарийі»; 
- «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;

Қор биыл ««Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын да тағайындаған. Жеңімпаз «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Ал арнайы номинация жеңімпазына 3 млн теңге беріледі.

Қатысу үшін өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев Қорына немесе at2022@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. Өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.

Толық ақпарат fnn.kz сайтында немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы біле аласыз.