Жамбылда алтын қазумен заңсыз айналысқандар ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алтын іздеушілердің үш автокөлігінде жұмысқа қажетті барлық құрал-саймандары болған, деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Қыркүйектің 7-cінен 8-іне қараған түні Жамбыл облысының Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері құрамында алтыны бар кен тастарын іздеумен және өз бетінше жинаумен айналысқан екі топты қолға түсірді. Топтың біреуінде үш адам, екіншісінің құрамында төрт адам болған. Олар заңсыз кәсіптерін Ақбұлақ ауылына жақын маңдағы Жамбыл ауданының таулы жерлерінде жүзеге асырған", - делінген хабарламада.
Алтын іздеушілердің үш автокөлігінде жұмысқа қажетті барлық құрал-сайман болған. Полиция қызметкерлері құрал-жабдықтармен бірге алтыны бар кен тастары салынған төрт қапты тәркіледі.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 334-бабының 1-бөлігімен «Жер қойнауын өз бетімен пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.