Алтын Орда базарының жолы мені де шаршатты – Сағынтаев
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар әкімнен қаланың шыға берісіндегі Алтын Орда базарында салынып жатқан жол айырықтың құрылысы қашан аяқталатынын сұрады.
Облыстан келіп Алматыда жұмыс істеп жүргенін айтқан тұрғын өмірінің көп бөлігі жол бойында кептелісте тұрумен өтіп жатқанын айтып шағымданды.
Мен облыста тұрамын, қалада жұмыс істеймін. Күніне екі сағат қалаға қарай жүрем, кері қайтарда тағы екі сағатта қатынаймын. Күніне өмірімнің төрт сағаты жол үстінде өтіп жатыр. Ол жерде менің денсаулығым да, жүйкем де қалып жатыр. Осы мәселені шешсеңіздер, - деді тұрғын.
Сағынтаев бұл жол айырығы Алматы қаласына қарамайтынын айта келе, осы мәселенің тезірек бітуіне ниетті екенін жеткізді.
Алтын Орда базарының айналма жолы барлығымызды шаршатты. Қалаға келгелі Алтын Орданың жолы қашан шешіледі деген мәселені естіп келе жатырмын. Іnstagram-ға атқарылған жұмыстарды көрсетсең астындағы комментарийден міндетті түрде Алтын Орда жолы қашан бітеді деп шығады. Өкінішке қарай, Алтын Орда базары қалаға жатпайды. Ол Алматы облысының жері. Мен де сол жолдың шешілуін күтіп жүрмін. Оның жұмысы министрліктің құзыретінде. Министрлік мердігер компанияны таңдаған, ақшасы жеткілікті. Бірақ мердігердің күші жетпей ме, басқасы ма, берген ақшаны игермей әлі келе жатыр. Өткенде Премьер-министр мырза келгенде осы мәселені тағы көтердік. Алматылықтар үшін қалаға кіріп-шығу қиынға соғып отыр. Егер бұл жол бітсе, бір мәселені шештік деп есептейміз. Министрліктегілер жылдың соңында бітіреміз деп отыр. Сонша жыл күттік, «қырқына шыдағанда қырық біріне де шыдап», сабырлық танытайық. Мен де осы жолдың тезірек бітуіне ынталымын, - деді Сағынтаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Әкімшілік жауапкершілікке тартылған министрліктер аталды
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы