Оқушылардың қатысуымен "Алтын Орда-750 жыл" ғылыми конференциясы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қалалық білім бөлімі және Н. Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен "Алтын Орда-750 жыл" атты ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Конференция қонақтары қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ғабидулла Шапағатов, ҚР "Тарих және қоғамдық ғылымдар" академиясының акакдемигі, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ магистранті Бақытжан Ахметбек, педагогикалық шеберлік орталығының тренері Бауыржан Ділманов, Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім басшысы Эльзира Сағитжанова болды.
"Алтын Орда-750 жыл" атты қалалық ғылыми-теориялық конференциясының негізгі мақсаты Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" бөлімін іске асыру, туған өлкенің тарихын зерттеу, тарихи сананы жаңғырту бойынша жаңа тұжырымдамалар мен идеяларды ашып көрсету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдау. Қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын оқушыларды тәрбиелеу. Оқушыларды зерттеу жұмысына тарту, жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және өңіріміздегі мектептер арасында әріптестікті дамыту.
Конференция барысында Н. Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының директоры Б. Абиев тарихи оқиғаның маңыздылығын атап өтті.
Тәуелсіз еліміздің болашағы - жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Білім – рухани жаңғырудың басты алғышарты. Өйткені, ой жүйесі терең, алыстан пайымдап, тереңнен тамырланған дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді. Осы орайда қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып мән-мағынасы зор конференцияны ұйымдастырып отырмыз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін,-деді ол.
Тағылымы мол конференцияда қала мектептерінен 36 оқушы бақ сынады. Конференция "Сыр өңірінің ұлы есімдері", "Сыр өңірінің археологиясы мен өнері", "Сыр өңірі – тарих толқынында", "Сыр өңірі этностарының тарихы мен мәдениеті" бағыттары негізінде өрбіді.
Әділ қазылар алқасы бағалау барысында таңдалған тақырыптың өзектілігіне, жаңашылдығына, ғылыми стиліне, теориялық және тәжірибелік маңызына мән берді. Нәтижесінде барлық қатысушы дипломдармен марапатталды.